ҚАРАШҮҢГІЛ

Көктемеде көмкерген даласын гүл,
Мекені бұл кең өлке сан асылдың.
Атыраудың алғашқы мұнайына
Бұрғы салған жер аты – Қарашүңгіл.
Қарашүңгіл – бұл күнде байлығы асқан,
Ырыс-құт боп, жүз жылдық тойға ұласқан.
Жас жүректің бұл да бір іңкәр жыры,
Қара жігіт, Шүңгіл қыз жайлы дастан.
Қара жігіт – даланың бозбаласы,
Лапылдаған от екен көзқарасы.
Шүңгіл қызға қол созған ғашық болып,
Алау сезім жүректе маздағасын.
Ғашық жандар сезімін жасырмайды,
Оған бірақ кезігер тосын қайғы.
Мұңды әуен көп далада ғасырлаған
Шын ғашықтар әйтеуір қосылмайды.
Іңкәр жүрек тұрғанда бір ән салып,
Қара жігіт кеткенде қыран бағып,
Атын айтып Шүңгіл қыз көз жұмады,
Қапияда аяғын жылан шағып.
Қара жігіт қайғыдан сенделіпті,
Зарлап өлген Шүңгілді көз көріпті.
Бір-бірімен сырласып тұру үшін
Қос төбеге қос ғашық жерленіпті.
Аз көрмеген бұл дала қасіретті,
Бұл фәниден қаншама асыл өтті.
Сол төбеден бұрқ еткен қара тамшы,
Оны халық «Жігіт көз жасы» депті.
Тербетілген жусаны самал желмен,
Қос моланың қызығын дала көрген.
Мезгіл өткен, үйінді төмпешіктен
Қара тамшы жылтылдап аға берген.
Қара жігіт – әулие жылағасын,
Қорып жүріп қазекең бұл арасын,
Көрсетіпті ел кезген ағылшынға
Қоймақ болған ағылшын мұнарасын.
Кезіп жүріп ағылшын бархан құмын,
Орнатыпты мұнайды тартар құбыр.
Кім келсе де ырысын қызғанбайтын
Бұл қазақтың қайтерсің дархандығын.
Мұнай екен жігіттің «жылағаны»,
Кімдер мекен етпеді бұл араны.
Көп кешікпей қара жер жұтып алған
Ағылшындар тұрғызған мұнараны.
Көнгенменен тірілер алдауыңа,
Қарсыласты өлілер барлауыңа.
Мұнараны бір түнде жұтып алған
Қос ғашықтың табынды ел аруағына.
Ән салып тұр бұл күнде қырқа мына,
Еркіндіктің үн қосып нұр таңына.
Қос әулие қорғап кеп табыстады
Қара алтынын өзінің ұрпағына.
Көктемдерде көмкерген жағасын гүл,
Мекені бұл бай өлке сан асылдың.
Қос ғашықтың аруағы күзетінде
Алғаш мұнай атқан жер – Қарашүңгіл.
 
Ақұштап Бақтыгереева

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *