ҚАЙРАН ШЕШЕ

Кеудеңнен көп жылдарғы тарқады мұң,
Толғандай қуанышқа орта бүгін.
Ақ дауыл тербетеді құмнан соққан
Бесігін тентек ұлдың, сотқар ұлдың.
Ызасы кедейліктің жүрді есінде…
Сол жігіт жатты Оралдың түрмесінде.
Сонда сен балаңды іздеп, асыл Алқа,
Нарыннан жаяу келдің тілдесуге.
Айдалып барады ұлың алыс кетіп,
Сен бірақ жыламадың дауыс етіп.
Орнына қоштасарда қиналудың
Жаныңа тұрды сенің намыс өтіп.
Жыласа балаң, өктем сен тіл қаттың:
«Ез болсаң, еркек етіп неге таптым?
Көрсетпе маған мынау көз жасыңды», –
Деп келіп, беттен сүймей, жақтан тарттың.
Кісен де тұрған қолға оратылып,
Бола алмай күйге бөгет қара құлып.
Жазылып пернесіне домбыраның,
Кеудеден кетті сол сәт саз атылып.
Қос шектен әлемге аян таралып үн,
Ғасырлар мақтаны боп қалады ұлың.
Өсірген күй атасын, қайран шеше,
Өзіңнің емес пе екен даналығың?!.
 
Ақұштап Бақтыгереева

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *