Жұмыс
Үй.
Қонақ қамы, бала қамы,
Бәріне қажет әйел алақаны.
Арқаңда ауыр жүкке салмақ қосып
Тағы да мазасыз бір таң атады.
Тағдырдың құйынында дөңгелене,
Қос жүкті арқалайсың өрге неге?!
Білмеймін, еркекпен тең түсемісің,
Еркектер кейде өзіңе тең келе ме?
Үй толы ағайынның тауып бабын,
Келгенде жайғастырып болып бәрін,
Өз үйің өзің үшін тарлау соғып,
Шеткерек бір бұрышта қалыпты
орын.
Шаршадың,
Тыныштық жоқ ертеден бір,
Түзейсің ашқан сәби көрпелерін.
Ауғанда түн ортасы
Ас үй жақта
Туады өзегіңді өртеген жыр.
Шамы ұзақ сол бөлменің жанатындай,
Ақ қалам ақ көгершін қанатындай.
Ақ қағаз көңіліңе сәуле шашып,
Тазарып жаның бір сәт қалатындай.
Ас үйді отырасың бөлме көріп,
Ұйқыға асау өлең бермей ерік,
Жыр бесік тербеткенде, көз алдыңа
Келеді туған далаң дөңгеленіп.
Шарлайсың іздеп содан өткен күнді,
Көңілің күтіп жүрген көктеміңді.
Өзің де қиял құсы қанатымен
Сезбейсің қайда самғап кеткеніңді.
Кезесің жастық өткен жолдың бәрін,
Тыңдайсың махаббаттың мөлдір әнін.
Ол сенің жүрегіңді жұлмалайды,
Алыс бір әуені боп домбыраның.
Көлбейді көз алдыңда далаң сонда,
Кең әлем тар көрінер саған сонда.
Себебі төрт қабырға қоршап тұрған,
Арқаңда әйел жүгі, балаң қолда.
Сонда да солдырмайсың үміт гүлін,
Сен үшін, мүмкін, бекер күдіктімін.
Сән сарай, кең дала ма – шын бақыттың
Тұрағы қайда екенін біліпті кім?
Бақыттың ұғымы жоқ толық әлі,
Белгісіз оның келер жолы дағы.
Ол бізге
Сезім,
Тағдыр,
Сағыныш боп,
Шабыттың жалынында жолығады
Ақұштап Бақтыгереева