Мөлдіреген мүйізіндей бұғының,
Көкшіл аспан тұрды құйып жылуын.
Тундраны сәулесімен сипалап,
Көкжиектен көтерілді ұлы күн.
Мен оқимын Гейне ақынның жырларын,
Досым менің қызықтайды қыр бағын.
Қызықтайды Тундраның үстінен
Қалың орман қанат жайып тұрғанын.
Кеше ғана жатыр еді мүк басып,
Қарақаттар құшақтаса жұптасып,
Қариялар әңгіме айтқан күркеде,
Темекімен көңілдегі бұлтты ашып.
Айтқан олар аңыздардың небірін,
Көшіп жүрген ормандардың өмірін.
Үнсіз ғана тыңдағанбыз екеуміз,
Оймен шолып осы жердің өңірін.
Дауыл болып ұшады екен бұл орман,
Тыншиды екен қайта оралып шығаннан.
Тіршілік бар осы орманның ішінде,
Бірге налып, бәрі бірге қуанған.
Осы орман қорғайтын жел, суықтан,
Сан өмірді құшағына ап жылытқан,
Аласұрып, жағаны ұрып толқыны,
Алып мұхит күңіренеді иықтан…
Мөлдіреген мүйізіндей бұғының,
Көкшіл аспан тұрды құйып жылуын.
Тундрада ақ сәуле боп жүйткіген
Бұғыларды қарсы алады Ұлы Күн.
Ақұштап Бақтыгереева