Сен бе едің өмірде бір жолығар ән?!
Кеудеме кетті-ау бірден толып арман.
Көңілдің тынышы жоқ өзің десе,
Қиялдан арылмайтын болып алғам.
Елестеп құшағың гүл қаумалаған,
Сенімен тасты кезем, тауға барам.
Еркелеп өзен кешем жағалауда,
Қиялмен көк шалғынға аунап алам.
Жарыссақ қатар қуып дала желін
Келеді кейінірек қала бергім.
Табаным құмға кірсе бір-ақ сәтке,
Көтеріп алғаныңды қалар едім.
Әлде «тез, өзің кел» деп тұрармысың,
Толқынға тастап, жүзіп шығармысың?!
Қиялы ұшқыр қыздың жаны нәзік,
Дариға-ай, айтқызбай-ақ ұғармысың?!
Ақұштап Бақтыгереева