(Анам Ақзилаға)
Үстелде жетімсіреп жатқан аз күн
Бетіне көз жас тамған ақ қағаздың.
Тірілер ұқпаған соң сырымды, апа,
Бағыштап рухыңа хатқа жаздым.
* * *
Жан ана, жайлы ұйқыда жатырмысың?
Жоқ менің сен кеткелі жақын кісім.
Басыңа көк тас қойдым ақ жаулықпен,
Білмеймін еңбегіме бақұлмысың?
Мазарың зәулім емес көк тіреген,
Айқайлап қашатпадым өткір өлең.
Белгісіз туған күнің, бірақ анық
Белгі тұр дүниеден өтті деген.
Қызың жүр бітіре алмай ойдағы істі,
Өнбейтін өлең-жырмен айналысты.
Бұл күнде өлімің де бәсеке, апа,
Қалтаның көлеміне байланысты.
* * *
Зуылдап өтті уақыт, көп су ақты,
Әр жағдай адал досты топшылатты.
Дәл сенің кеудендегі жылы жүрек
Мен үшін енді өмірде жоқ сияқты.
Белгілі сендік анттан жаңылмасым,
Атыңды жырға қостым сағынғасын.
Көк тас та жып-жылы боп көрінді, апа,
Бетіне сенің бейнең салынғасын.
* * *
Мен енді өлімге де жыламаймын,
Ешкімнен мүсіркеу де сұрамаймын.
Қар-бұршақ қатар жауған жел өтіне
Сен өзің шынықтырған құралаймын.
Талдырған өмір жүгі бұғанасын,
Қызыңның мұңын тек сен ұға аласың.
Жүректі сен сыйлаған қансыратты
Тонаған адамды адам мына ғасыр.
* * *
Апа, сенде Тәңір бар, Жасаған бар,
Ал біздерде алаяқ, асаған бар.
Тас көше бар, тас үй бар, темір қақпа,
Айқайласаң ашпайды-ау тас адамдар.
Сөзге жауап қатпайды сұрағанмен,
Әділдіктен қашқақтап тұрады әрмен.
Бәрібір, апа, мені жан жұбатпас,
Сен өлді деп шыңғырып жылағанмен.
Шындықты айтсаң, «нақұрыс, тентек» дейді,
Жүрегіңді жұлып ап көрсет мейлі.
Мейірімнен айрылған ортада, апа,
Көз жасқа да көп адам селт етпейді.
* * *
Жұмақта сені қайтсем жайлы етемін,
Жоқшылық бізде, апа, жайды етегін.
Базарда қайыршы ана қол жаяды,
Білмедім ұл-қызының қайда екенін.
Сезем мен сенің жаның жайлы екенін,
Пейілің тек жұмаққа сайлы екенін.
Ал бізде әйелдер жүр арақ сатып,
Білмедім ерлерінің қайда екенін.
Жарылған аяқ-қолы ол қасқалар,
(Бұл елдің жігітінде болмас па ар?)
Сендердің ғасырыңмен кетті ме өтіп
Аңыз ғып өзің айтқан марқасқалар?!
Бар бірақ атаққұмар, таққа құмар,
Күндікке байлығы мен бақтары бар.
«Қожасы атамекен – мына Мен» деп
Санаулы-ақ батыл кеуде соққан ұлдар.
Көзінде зейнеткердің жас тұнып тұр,
Қатыгездік дегенің басқа ұрып тұр.
Балгер, бақсы көбейіп бұл күндері,
Аурудың сан түрі асқынып тұр.
Енді ешкімге келмейді еркелегім,
Тірі болсаң, саған сыр шертер едім.
Тастандылар үйі бар сәби толы
Бүгінгі махаббаттан жеркенемін.
* * *
Ақ айдын айырбас боп тас қалаға,
Тұрсам да жанға жайлы баспанада,
Парлатып көздің жасын Жайыққа ұшқан
Мен, апа, секілдімін ақ шағала.
Тапқанша сол жағадан аңсағанын,
Жүрегім құса болып қаншама күн,
Жеткенде ұмытамын қуаныштан
Қауырсын қанатымның шаршағанын.
Кеткенмен самғай ұшып қияға асқар,
Санама уақыт елес жия бастар.
Күткендей Ақ Жайықтың жағасында
Баяғы үлпілдеген ұяластар.
Айдынның аңсап таза таңғы лебін,
Елжіреп ел дегенде жан-жүрегім.
Жан апа, сол Жайыққа сен кеткелі,
Қайтейін, барғым келмей қалды менің.
* * *
Аналық ауыр парыз атқардың да,
Артыңа қыз қалдырып батқан мұңға,
«Есімің жер үстінде өшкен жоқ» деп
Әкеме барған бетте мақтандың ба?
Іргесін салып аулақ надандардан,
Сатқын мен жағымпазға жаға алмаған,
«Баласы әй-кәпірдің» дегізбейтін
Өлсең де, бақыт шығар балаң қалған.
Әкеме айт, кеудесін ән, күй кернесін,
«Өмірді қызым менше сүйген», – десін!
Намыссыз ұлы қалған біреулердің
Алдында сөйлей қалса, именбесін!
* * *
Көз жұмдың, үміт толы әнің бітті,
Қаншама нәзік жүрек жалын жұтты.
Өсиет еттің неге мына маған
Жетпеген өз ғұмырың әділдікті?
Демеймін мына өмірге неге келдім,
Еңбегім туар, бәлкім, еленер күн.
Жөргекте сәби жылап, өлең жаздым,
Сол қалар еншісі боп немеремнің.
Өтті, апа, ой кешумен нелер кешім,
Бір кезде жоқтауы анық ел еркесін.
Жұбатып өзімді өзім өмір сүрдім,
Біреудің паналамай көлеңкесін.
Бір билік құрсам ба әлде сайланып ап,
Шындықты өтсем бе екен айналып-ақ?!
Бұл күнде талантты боп туғаныңнан,
Бастықпен таныс болған пайдалырақ.
Сен, апа, адал жандар көп деп едің,
Әділдік еш уақытта жоқ демедің.
Қулық пен сұмдық барын үйретпепсің,
Сол үшін бүгін саған өкпеледі.
Ақұштап Бақтыгереева