Біздің ғасыр – ғасыры біліктінің,
Айға аттандық көкті де тіліп бүгін.
Ал мен, достар, шынымды бүкпей айтсам,
Ауыстырған жүрекке күдіктімін,
Иемдену жүрегін басқа адамның…
Болмас па екен өзгеше тапса амалын?!
Нашарлаған жүрегі мына науқас
Алмақшы ма жүрегін жас баланың?..
Жатқан науқас өмірге адал адам,
Өз жүрегін өзге үшін жаралаған.
Ол кеудеге қонатын анау жүрек
Иесі талай әлсізді қаралаған.
Маған осы әрекет ұнамады,
Жүрек қарыз қанша өмір сүре алады?
Науқастікі өмірге ғашық еді,
Анау сүйіп көрмеген бір адамды.
Келе ала ма жүрек, ми бір ұғымға,
Бірі болса көңілде, бірі мұнда.
Мынау жүрек аяғыш адамдарды,
Дір етпеген ал анау ғұмырында.
Адал жанға сұм жүрек бағына ма,
Жылжыта ма су жүрек қанын алға?!
Машинаға салатын бөлшегіндей
Лайығы өзінің табыла ма?
Ғасыр ғажап туғызған нелер дарын,
Білем, сенем, дамыған өнер барын.
Ауыстыру жүректі деген сөзге
Мен, әйтеуір, әлі күн көне алмадым.
Ақұштап Бақтыгереева