ЖЕҢЕШЕ

(Марияға)
 
Не десем екен, не десем,
Күлімдеп тұрған жеңешем.
Бір кезде мынау ауылдың
Аруы едің ең әсем.
Аға үшін сұлу, көркемім,
Бір кезде сен де өрт едің.
«Еркежан» дедің, япырмай,
Дара өскен, рас, ерке едім.
Жылы сөз – жанға мол медеу,
Жарасар ма екен ол теңеу?!
Анадан ерке туғанмен,
Өмірге қиын еркелеу.
Жүзіңнің жылы, жарқыны-ай,
Өзгеру білмес қалпың-ай.
Қыздардың назын көтерген
Даламның дархан салтын-ай.
Қалсам ба тыңдап сырыңды,
Бөліссем бе екен мұңымды?!
Бір күндік ерке наз күлкі
Ұзартар ма екен ғұмырды?
Мінезің ашық ұнады,
Ұсынған шәйің тұр әлі.
Жүзіңде сенің – мейірім,
Ал менде – өмір сұрағы.
Не десем екен, не десем?
Жанымды жырға бөле сен.
Аға мен дала бағына
Жайраңдап тұрған жеңешем..
 
Ақұштап Бақтыгереева

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *