Сенің де көзің көгілдір,
Менің де көзім көгілдір.
Жағасы болып Жайықтың
Созады қолын өмір-гүл.
Қызықтап өзен ағынын,
Бөлістік Ай, Күн жарығын.
Мен жүзген ерке айдынның
Сен аулап өстің балығын.
Бесіктен таныс дастаны,
Жүректе жырдың бастауы.
Сен ұшқан биік кеңістік –
Мен туған жердің аспаны.
Бір судан ішіп келеміз,
Бір суға түсіп келеміз,
Тасқынын мынау Жайықтың
Екіге қалай бөлеміз?..
Ақұштап Бақтыгереева