Көл болып жасы көзінің,
Анашым шықты аңырап.
Күңіреніп қалды өзіңнің
Атыңа біткен шаңырақ.
Өңім бе, әлде түсім бе,
Үзілді кенет өмірің.
Бар демін тартып ішіне
Егіліп тұрды келінің.
Кетті деп жақсы арадан
Жоқтады барлық жас-кәрің.
Атынан құлап даладан
Жылады қанша достарың.
Сүріне-құлай жеттім де,
Кеудеңнен сүйдім, төзбедім.
Мәңгіге ұйықтап кеттің де,
Бірін де мұның сезбедің.
Жалғыздың жетім қалмақшы
Аһ ұрып шыққан от демі,
Шыңғырған даусы алғашқы
Оята алған жоқ сені.
Ақұштап Бақтыгереева