Кезің жоқ-ау, кең дала, жаңармаған,
Туып жатыр сен жайлы сан алуан ән.
Ақын түгіл, әр адам жүрегінде
Сендік ғажап сезім бар алаулаған.
Саған туған түлектің бәрі құштар,
Жүректерде сарқылмас сағыныш бар.
Сапар шегіп кетсе де ай, жұлдызға,
Саған қайта сол сезім алып-ұшар.
Құшағындай анамның кеңсің керім,
Мен өзіңнен өзгені жерсінбедім.
О, кең далам, сайратқан, ерке өсірген
Отаным да, Анам да сенсің менің.
Ақұштап Бақтыгереева