Жайықта

Ақ Жайық, сенсің әр кез сыйынарым,
Сен десе жыр жолы боп құйыламын.
Әзірше жыл өткізбей келіп тұрам,
Кім білсін неше келу бұйырарын.
Сені айтса жанарымда күлкі ойнаған,
Көңілі орта болса шырқай ма адам?
Жағаңда өскен кезде жай өзен ең,
Бұл күнде сені көру бір той маған.
Ағысың айдынындай ой-кеменің,
Жағаңда жазылды алғаш ойлы өлеңім.
Жүздесу өзіңменен той дедім-ау,
Тірлікте көп те болмас той дегенің.
Сырлы әнін сан ғасырдың жиған ағын,
Жағаңда туғандарға сыйла дарын.
Келерде жас балаша қуанам да,
Кетерде қимастықпен қиналамын.
 
Ақұштап Бақтыгереева
 
 
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *