Алаңсыз үйде отырған шақтарым кем

Алаңсыз үйде отырған шақтарым кем,
Шаршаймын ой сандығын ақтарумен.
Жан әке, өзің болып елестейді
Жолаушы белестегі атқа мінген.
Сол елес бұрылмастан асар қырдан
Сан рет жанарыма жас алдырған.
Жан әке, өзің болып елестейді
Жылқышы құрық алып асау қуған.
Түсесің сен есіме, аңшы көрсем,
Сені еске түсіреді әнші де өңшең.
Жүрегім суырылып, мұздап кетем
Ілулі иесіз қалған қамшы көрсем.
Көңілді жиі-жиі басып қайғы,
Елесі балалықтың қашықтайды.
Жан әке, баяғы өзің бардағыдай
Құлының ауыл жаққа асықпайды.
Болмасын біліп өмір жазы мәңгі,
Белгісіз жүрек қашан жазылары.
Ботаңның еркелігі ұмытылып,
Санаулы жандарға айтар назы қалды.
Шешілді қызыл шашбау бұрымдағы,
Қуантпай шәйі көйлек құбылмалы.
Қызыңның маңдайына жылы алақан
Тиген жоқ сенің көзің жұмылғалы.
 
Ақұштап Бақтыгереева

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *