Әйелдер сипаты

Ақыл – шам, керек оған май мен білте,
Сасарсың кеш боп қалса егер ерте.
Кеш болмай, күн бұрыннан жабдық сайлап.
Қолыңа түсіре бер бірте-бірте.
Кім мінер ел көшкенде тауып атын,
Адам көп танитұғын әйел затын.
Дүниенің тұрақтайтын тұрағы екен
Гүл жүзді, сырлы сөзді жақсы қатын.
Белгілі ұрғашының бізге жайы,
Бұл күнде мал боп тұр ғой қыздың байы.
Әйелдің ақылдысы қолға түссе,
Адамның барып тұрған ақ маңдайы.
Бұлттан шыққан күндей көрсең жүзін,
Сөйлесер әрбір түрлі күймен сөзін.
Толғанып оқ жыландай толықсыса,
Ешкімге білдірмейді басқан ізін.
Ал сонда түгел болар ажар, көрік,
Мінезі ажарына болар серік.
Алыстан мекеніне лебі тартып,
Боп кетер қызыкқандар оған жерік.
Әйелді сыйлау керек ескеріп біз,
Оларға айту керек орынды сөз.
Жақсы әйелге көз салып бір қарасаң,
Алып кете жаздайды қиғаштап көз.
Ішпей, жемей тойғызып түріменен,
Көрінгенді бәстес кып өзіменен,
Шығып кете жаздайды денеңнен жан,
Көзінің қойса қарап қырыменен.
Танимыз осылайша әйел жүзін,
Мінезін, ақыл, көрік, бал мінезін.
Айтуға үшіншіні жаңа келдік,
Ақ мамық үлпілдеген бота көзім.
Іс болар басқа түскен бұл бір сарсаң,
Жаманнан құтылмассың қайда барсан,
Төртінші бір әйел бар көңіл ашар,
Ал қызыл, ақ сұлудан келін алсаң.
Қол жетпес сермегенмен көктегі айға,
Дерт екен бірдей келген жарлы, байға.
Жолама шамаң келсе бесіншіге,
Жай-жайма – жайма төсек жер алмай ма?
Сияды қанша болса жіп ұршыққа,
Ілінсең шыға алмассың бір қырсыққа.
Одан да артын біліп ойланыңыз,
Сары әйел сыртылдаған ол пысық па?
Шошытар иманыңды кейбір жауыз,
Дәні жоқ, бәрі қайтып болар қауыз.
Дұшпаның, досың түгіл, кез келсе де,
Қабатын ит секілді қырсық ауыз.
Тай ойнап, тақыр жерге жылқы жусар,
He жесе ит баласы соны құсар.
Өлікті бір аманат сақтағандай,
Тұнжырға, тұйықтыққа болма душар.
Үй ішін жаман әйел тұмандатар,
Домалап әрбір жерде құман жатар.
Тазалық бұл әйелде болмаған сон,
Күнаға жігіт адам содан батар.
Көйлегі кір болады май-май ғана,
Ұрысар байыменен таймай ғана.
Сыртына шөмішінің балшық жағып,
Салады қазанына шаймай ғана.
Ойламай ол байының ата-тегін,
Сонымен қатын алар ерден кегін.
Үстіңе киім кисең, жыртасың деп,
Бермейді тағы жамап етек-жеңің.
 
Ақан Сері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *