Ұрқияға айтылған аужар

Аққу кетіп Қоскөлдің қазы қалды, жар-жар-ай,
Қысы кетіп мешіннің жазы қалды, жар-жар-ай!
Біраз назым тотыға айтпай болмас,
Көбі кетіп дәуреннің азы қалды, жар-жар-ай.
Түйін болып көңліме кетеді ғой, жар-жар-ай,
Бір айтатын серінің назы қалды, жар-жар-ай,
Кеше туған жас қызды шалдар алды, жар-жар-ай.
Толғанатын оларда несі қалды, жар-жар-ай.
Ғашықтықтың қисабы асып еді,
Ескеретін қалқаның несі қалды, жар-жар-ай.
Ақ қағаздың бетіне тарттым сия, жар-жар-ай,
Жібересің сұлуды кімге қия, жар-жар-ай.
Мәликедей ақжарқын жан едіңіз, жар-жар-ай,
Кеткенің бе алысқа, сен Ұрқия, жар-жар-ай.
Бұл жалғанда кетпес деуші ем, жар-жар-ай,
Енді есен бол, қарағым, уа, дариға, жар-жар-ай.
Жібектей оратылған қолаң шашың, жар-жар-ай,
Қиылған қандай сұлу екі қасың, жар-жар-ай!
Ләззат пен сұлу көркем бәрі бірдей,
Қай затқа бағаланар сенің басың, жар-жар-ай!
Ақ көйлектің жағасын ырға тартқан, жар-жар-ай,
Машинамен қандай қып шырға тартқан, жар-жар-ай.
Көп қыздардың ішінде тоты дана, жар-жар-ай,
Қия жүзі асылдың қорға тартқан, жар-жар-ай.
Ақ маңдай қарақат көз сүйген сәулем,
Секілді нәзік белің сымға тартқан, жар-жар-ай!
Көлбеңдеп дәл алдымнан өткенің бе,
Бағалы жүйрік аттай сыйға тартқан, жар-жар-ай!
Бар назымды жеткіздім бір өзіңе, жар-жар-ай,
Білесің жазылғанын қандай хаттан, жар-жар-ай!
 
Ақан Сері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *