Нарында құм қияға құс қонатын:
Ақ қарға түлкі аунайтын қыс болатын.
Баласы Жанғұттының Рсалы би
Сонарда өмір бойы құс салатын.
Бір бүркіт Рсалымен жасты да екен,
Бұл маңда одан бір құс асты ма екен?
Жанғұтты тұқымында бүркіт бағу
Сақталған ата-баба дәстүрі екен.
Рсалы қансонарға асығады,
Өзінің мән бермеген жасына әлі.
Есеппен Қара бүркіт қартайды деп,
Жаңадан жас балапан асырады.
Рсалы өз даңқына сенген еді,
Жас құсты жас балаға тең көреді.
Қос бүркіт теңдесі жоқ байлығындай,
Екеуін өз қолымен жемдеген-ді.
Жемдейтін бар қызылды бөле жарып,
Жан еді икем қимыл, денелі, алып,
Итеріп шау бүркітті кеудесінен,
Өкпені ол балапанға береді алып.
Алдында шау бүркіттің ет табағы,
Жұғын боп қалды қызыл өкпе қаны.
Жарқ етіп жанарында оқыс ұшқын,
Шор болып көкейінде кек қалады.
Содан-ақ Қара бүркіт көсілмеді,
Ұмыт боп сылап-сипап өсіргені.
Аш-тоққа тарықпайтын қыран тұяқ
Кеудеден итергенді кешірмеді.
Рсалы кетті ұмытып ілезінде,
Тәйір-ай, не тұр құстың мінезінде…
Құс түгіл, адамға да мән бермейтін
Тұрғанда билік, дәулет бір өзінде.
Тең құсты бүркітіне таппай келген,
Үмітпен қос бүркітті баптай берген.
Рсалы қансонарға даярланса,
Шау бүркіт ескі кегін сақтай берген.
Жетті би қансонарға қыс кезінде,
Жүйрік ат, қырағы құс, күш те өзінде.
Бұл жолы Қара бүркіт түлкіге емес,
Құйылып Рсалының түсті өзіне.
Бұл жағдай ұзақ жүрді ел есінде,
(Көзімен көрген айтса сенесің де).
Бүркіттің бар тырнағы ажырамай
Кетіпті Рсалының денесінде.
Бұл өлім сабақ болған өлмегенге,
Тарапты аңыз болып елден-елге.
Қыран құс ой салғысы келді ме екен
Намысы оянбаған пенделерге.
Ақұштап Бақтыгереева