Қалқам-ау, естен кетпес айтқан сертің,
Ойлаушы ем түгел ғой деп ақыл-көркің.
Мінезің арқандаған ат секілді,
Қай-қайда сермегенмен жетпейді еркің.
Сәтсіз күн болған екен шыныменен,
Дауасыз сөнер емес жанған өртің.
Тәуірлік қамын ойла жігіт шақта,
Айтулы бір перизат болса тап та.
Қыз болса, парасатты қадір білген,
Тұрса да іздеу керек иран бақта.
Секілді қыздар бұлбұл көлден ұшқан,
Сыртынан аңдып тұрар жігіт шақта.
Білімің тең құрбыңа жеткен тегін,
Кім қияр — сені қалқам қиянатқа?
Ілетін лашынның қоңыр қазын,
Ілсем деп үміт етер жапалақ та.
Ақиық мекен еткен бәйтерегін,
Жабы құс ағашына ұялатпа.
Күн шалса бұтағыңның жапырағын,
Әзілге олжа қылып бізді ұялтпа.
Ақтүлкі сен қиынды мекен еткен,
Аспанда біз ақ бүркіт қағып кеткен.
Қияның қия таста тұрсадағы,
Қырымнан көріп келдім, ілмей кетпен.
Түлкінің ең қызылы болсаңдағы,
Қапыда ұшқырымын саған жеткен.
Ақиық жоғарыдан шүйліккенде
Ақ түлкі шұбалаңдап жата кеткен.
Жатқанын ақтүлкінің көріп қыран,
Әшейін қағып өтті бір ретпен.
Әдейі арнай түскен түлкісіне
Қиядан шұғылданып іліп өткен.
Ақан Сері