Кенің бай, келімің мол, туған тілім,
Дыбыстың теріп сөз ғып, буған гүлін
Қайырған қайдағыны жүйрік ең сен,
Мен тосып құтыла алмас қусам білім.
Қонып тұр, ордаң міне, жаңа жұртқа,
Салып тұр ұлың «қазақ» көзін сыртқа.
Жау болсаң, жақындама, аулақ жүр деп,
Ел болсаң, есігім бос, ен деп ұлтқа.
Балықтай жүзіп адам, құстай ұшқан,
Түндігің ашулы тұр күн батыстан.
Ғылым мен кереметтің кенін тапқан,
Нұр кірер білім, өнер мол жақ тұстан.
Кірлетпей келген сақтап анам бұрын,
Ордаңды шала қоймас енді құрым.
Алыстан əлде қандай жат көргенсіп,
Кіргендер тамсанатын танып сырын.
Біреулер мұнараға «мінетін-ді»,
Құрындай деп жыр дегбеге күлетін-ді.
Биіктен төмен түсіп қарағанда,
Көзінің жаңылғанын білетін-ді.
Кемсініп көбің ордамды адасқандар!
Тіліме жау боп найза қадасқандар!
Бір айттым, екінші айтам, бұл үшінші,
Жорта бер, жолың алыс, адассаңдар.
Мен болман болдырамын «татар» десең,
Мен жатпан «бір бөлмеңде» жатар десең!
Өтпеймін тамағыңнан «жұтам» десең,
Жолым бір, қолым міне, «қатар» десең!
Байқаушы
Ахмет Байтұрсынұлы