Смағұлдың Ақан серіге жазғаны:
Дүние пайда бермес ешбір жанға,
Болсаң да би мен төре, патша, хан да.
Тіршілік адамзатқа аз ғана күн,
Ұқсайды дүние шіркін жанған шамға.
Басыңа пайда бермес бұл өнерің,
Жақсылық қосылмайды ешбір санға.
Ысырап, құмға құйған су секілді
Айтқан сөз қабыл болмас кей наданға.
Мысалы дүниенің бұған ұқсас,
Бұрылып жан бармайды қалған тамға.
Кәдірлеп айтқан өлең, қағаз жаздым,
Баласы Қорамсаның Ақан салға.
Құрметлу бағитында жазған намам,
Саламат күйлісіз бе есен-аман?
Атаңыз қыдыр қонған бай кісі екен,
Күнінде ойға алғанын еткен тәмам.
Он кісі күте алатын қайран күнің,
Бұл күнде ол кеткен сон қандай бағаң?
Дін іздеп, еткен сенің кәсібің көрінбейді,
Напақамыз демей ме қатын-балаң?
Данышпан, ақыл-парасат, сондай жансың,
Қайтейін қылып жүрген ісің надан.
Ісінен дүние-ақрет хабарың жоқ,
Сықылды көрінесің қалған шабан.
Жалғанда қылғанынды есепке алып,
Періште жоқ дейсің бе жазған намаң?
Жиналса қиямет күн ғалам халқы,
Ұялып пиғылынан тұрған жаман.
Данышпан сөз жазғаным, білімді Ақан,
Құдайым шешен қылды тілінді, Ақан.
Бұл сөзі ғайбаттыққа қосылмайды,
Айтамын көзбен көрген шынымды, Ақан.
Ақылым саған айтқан осы сөзім,
Жазды деп өкпелеме мінімді, Ақан.
Сөйлейді қас күлдіріп, дос жылатып,
Жек көріп, айыпқа алма ініңді, Ақан.
Ісіне дүние ақирет ұқсатпаймын,
Жалғанда жүріп көрген күніңді, Ақан.
Қыз мақтап, қымыз құйып, ысырап қып,
Жұмсайсың керексізге білімді, Ақан.
Періште пиғылыңнан жауап алса,
Әл бар ма шығаруға деміңді, Ақан?
Артта ізің сол уақытта адыраяр,
Құйындай білдірмейтін жымыңды, Ақан.
Әңгіме керден толған асыл, Ақан,
Көңілде мақсат құсың масыл, Ақан.
Күлістан қазан ұрған байтеректей
Заманың өзгерілген басып, Ақан.
Тіршілікте бір жаныңның қамын ойла,
Басында әр мүшелің басым, Ақан.
Сұрасаң менің жөнім бай Қодыға,
Бақ берген төрт түлікке сай Қодыға.
Ойлаған мақсатына қолы жеткен,
Ішінде тамам жұлдыз ай Қодыға.
Жесірін аға сұлтан тартып алған,
Бұл істі қыла алмайды жай Қодыға.
Бабамның қолы жеткен ұшқан құсқа,
Сөйлейін мұқтасар қып сөзді қысқа.
Жасым бар жиырма екіде – жылым тышқан,
Смағұл менің атым алсаң нұсқа.
Сайлаған жұрт ұнатып жиырма екіде,
Молда мен указной бір болысқа.
Ойласақ – бұл дүниені қуғанменен,
Жан сая болмайды екен іш тынысқа.
Өлеңді көп сөйледім сенен де артық,
Құрбыдан Тәңрім жар боп кеттім артып.
Білген соң дүние жолдас болмастығын
Тоқтаттым Құдайды ойлап, бойды тартып.
Бермейді жанға пайда ақыңдығың,
Жалғанның білемісің жақындығын?
Өмірің тірлікте қырық күн болса,
Рахаты адамзатқа бір-ақ күнің.
Күн өтер отыз тоғыз қайғыменен
Ішінде жақсы, жаман айыбымен.
Рахат жалғыз күннің өзін таппай,
Қорқамын өте ме деп зайғыменен.
Ақан серінің қайырғаны:
Жақсының болдым жолдас данасына,
Үш жүздің сөз жібердім арасына.
Ақылсыз ақымақтың бір мінезі –
Өзінің қарамайды шамасына.
Елге бас, ұйтқы болған асылдардың,
Жүрмейді кімдер сыйып панасына?!
Жылында мың тоғыз жүз сол екінші,
Атбасар сөз жібердім қаласына.
Молдасы волосной Қызыл көлдің,
Смағұл бай Қодыға баласына.
Алмағы күллазағи дегендейін,
Көтерген өзін-өзі жараса ма?
Дүниеден Қарындағы бай боп өткен,
Жеріне ойына алған қолы жеткен.
Малынан қайыр-ихсан бермеген соң
Жер жұтып, ғазап тартып, мехнат шеккен.
Атаңыз байлықпенен хат барды ма?
Махшарда қайырсыздық зиян еткен.
Атаңды мақтаймын деп Айға ұқсатып,
Жүрмеңіз күпір болып бұл реттен.
Атандым Ақан сері мен жасымнан,
Уәлаят жеті ықлымға даңқым кеткен.
Алғайбаты ашшадды миназинна.
Ғайбатлап өлең жаздың не себептен?
Дүниеде мені қылды таған Ақан.
Білмейтін жамандықты жаман Ақан,
Ехтам шариғаттан түк білмейсің,
Үйретсін ғылым жайын саған Ақан.
Менмендік, тәкаппарлық дұрыс па екен,
Түсірер ақылыңа ағаң Ақан.
Басшысы ғазазылдың түу, Смағұл,
Су жұқпас құттан шыққан қу, Смағұл.
Зиянсыз мұсылманды шағып алдың,
Заһарлы жыландай-ақ у, Смағұл.
Тұрмайды шіріген дүние қалыбында,
Атаңа біткен дәулет ну, Смағұл,
Ер жетіп, атқа мініп, сен өскен соң
Болды ғой дәулет ғайып су, Смағұл.
Ғайбат айтқан ауызда тазалық жоқ,
Болды ғой аузың харам – жу, Смағұл!
Шұлғанып дастарқанды аяғыңа,
Қадырсыз болды ақмақ бұл Смағұл.
Ет десе-ақ ас дегенге жүгіресің,
Деп айтса бәрекелді, шу, Смағұл.
Сықылды арамзада пиғылың бар,
Анаңыз көрген шығар ду, Смағұл!
Үлгілі сөз шығады сабырлы ерден,
Өнерді артық қылып Тәңір берген,
Білгенсіп шариғаттан сөз айтасың,
Келіп ең хатым қылып қайсы жерден?
Тамұқты жаратып па, менің үшін,
Тудым ба сорлы болып тамам ерден?!
Сұрауға сауал болмай өз басыңнан,
Мақтандың кісідей-ақ барып келген.
Қайғы қып, маған бола жаның ашып,
Ұжмақты әулиедей көзің көрген.
Билігі сол ұжмақтың сенде болса,
Кісіңе үлестірші қасыңа ерген.
Поштамен маған бола жазған хатың,
Көрдім деп, екі дүние рахатын,
Қодыға менің әкем жылқысы көп,
Смағұл волосной дейсің атың.
Сыртынан Қодығаны естуші едік,
Сасық қара деуші еді арғы затын.
Тегінде ишан бар ма мүрит шыққан,
Мүһминнің әлін байқап, ашқан бағын.
Құранда жеті әріп жоқ қой аятта,
Тауып бер сен ғылымды қылсаң хатым.
Рас қой сенің әкең жай Қодыға,
Ат емес, айғыр емес, тай Қодыға.
Қодығадай Қодыға толып жатыр,
Жүргенің сенің айтып қай Қодыға?