Ореке, біздің сөзді қалдырғаның,
Шар салып өз сөзінді алдырғаның.
Жайықтың өне бойын жырлағанда,
Балық пен айтқан жоқсыз ба балдырғанын?
Сіздің сөз біздің сөзбен пар емес пе?
Кей ақын сөз таптауға зар емес пе?
Аддында Абылай ханның сөйлегенде,
Ішінде шар дәрісі бар емес пе?
Өтеген одан шешен тіл мен жақты,
Барша ғалам ішінде алған тақты.
Құмырсқадан тосылған тақсырлар бар,
Білемін әзер болса сондай ақты.
Еш ғылым ашылмаған бұрын мұндай,
Жұрт надан бейғам болған бұрынғыдай.
Екеуін қор мен зорды теңгеруші,
Бәріне ризық берген жаппар Құдай.
Ішінде надан елдің жүрген қусып,
Бір кезде өнер түспей қалған сусып.
Жайықтың өне бойын жырлағанда,
Бар емес пе сары маса ұзын тұмсық?
Бұл күнгі ел адамын не қыласың,
Дінге парыз қылмаған ықыласын.
Атығай, Қарауыл мен Керей, Уақ,
Жоқтамай ортадағы ел ағасын;
Теп-тегіс Көкшетауға жиып алып,
Еріксіз ал деп қысқан книгасын.
Дүние жарық болмайды күн болмаса,
Күн қадыры болмайды түн болмаса.
Кешегі Әлібек пен Бегалы мырза,
Солар-дағы болмады тым болмаса.
Ақан Сері