Нақыл сөз

Жақсы мен жаман адам тең болмайды,
Несібең Тәңрім берген кем болмайды.
Ағалар, құлақ салып тындасаңыз,
Ініңіз бір-екі ауыз сөз қозғайды.
Ал десең мен бір жүйрік қамалмаған,
Жігітке сөз қапыда табылмаған.
Кей адам айтар сөздің жөнін білмес,
Бойына мін тақтырып арындаған.
Зат білер, зат қадырын деген сөз бар,
Жақсыны дүрыс болмас жамандаған.
Жаманға қадір білмес бір сөз айтсаң,
Тырысып болмас іске табандаған.
Дарбаза ауыз шіркін, көңіл самал,
Немене өз бетіңмен қылмай қамал.
Дүние қанша қусаң жеткізбейді,
Рас деп жан болмайды көңілге алар.
Былайша айтуымыз мақтаншылық,
Кім өзін нәпсіге ермей жөнге салар?!
Нәпсінің һауасына мағрұр болмай,
Кей сабаз жаны наһи орын табар.
Бергенін ақмақ ұрып сөндіре алмас
Басыңа шырақ отын Тәңірім жағар.
Түзіклік жас күнінде құрған жігіт,
Түбінде адамшылық іске жарар.
Алысты кейбір жақсы жуық қылар,
Өзінің достарына қылмай залал.
Сөйле деп бердің ұлықсат, құрбыларым,
Тартынбай мен сөйлейін болса барым.
Қамығып көптен бері жатыр едім,
Көре алмай замандастың ақ дидарын.
Жер танып ысылмаған жүйрік едім,
Айт дейсің кандай өлең, ағаларым?
Сөзімді сынға салып сынай көрме
Жастықпен шығып кетсе қаталарым.
Ал енді мен сөйлейін өңшең байлар
Жақсымен жақын жүріп жаманайлар.
Өнерін ішке сақтап кім жүреді,
Қайратты айдаһардай арсалаңдар.
Ер жігіт өнерімен көлеңдейді,
Аларда мұратына қосылғандар.
Бұрынғы өткендерден ғибрат алып,
Қой мініп аттыменен жарыспаңдар.
He керек қарқынды атты ажыратып,
Жаманменен бой теңесіп таласпаңдар.
Ақиық өнерменен түлкі алғанда,
Соңынан шықылықтар сауысқандар.
Сенбеңіз бір жаманды дос екен деп,
Көңілі өзіміздей қош екен деп.
Жаманның өш, қастығы серік емес,
Бел байлап артын қума өш екен деп.
Жамандар ақылы жоқ не біледі,
Жел сөзге ақылы жоқ семіреді.
Сау басын сақинаға қосқан жігіт
Әр соттың есігінде телміреді.
Бір сабаз өнері көп топ бастаса,
Тізесін үйде отырып кеміреді.
 
* * *
…Дегенмен қу қазанат неге керек,
Шабылып топқа салып сынамаса.
Қайырылып құс келеді қонақтауға
Бұтақтап бала қайың жуандаса.
Дегенмен құр құмарланып түлкі алмас,
Құмайдан әуел бастан туа алмаса.
Адасып жаман бала қалар жолда,
Үлгімен ата жолын қуа алмаса.
Қараны көрінбеген болжау қиын,
Белеске биік-биік шыға алмаса.
Айтады ер деп халық оның несін,
Жылауға аттың басын бұра алмаса.
Қырымнан олжа салған қырандар бар,
Жарасар қанша оны тұмарласа.
Көкқұтан мойнын созып қаз болмайды:
Шын болат жасығанмен жез болмайды.
Ит үреді жақсы мен жаманға да,
Сары алтын қалыбынан қозғалмайды.
Берерде қолдың ұшын бермек түгіл
Жамандар басын бақса аз болмайды.
Пиғылы жамандардың қараңғылық,
Тұрса да шілде түсіп жаз болмайды.
 
Ақан Сері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *