Көңіл сыры

Көзіңнің құмартамын қарасына,
Ғашықтық құлағың сал наласына.
Бәйге алған топтан асып Құлагердей,
Үш жүздің мәшһүр болдың баласына.
Мен болып қыран бүркіт ілер едім,
Түлкі боп шықсаң таудың даласына.
Өзіңнің мәртебеңе хат жазамын,
Қалдырма дұшпаныңның табасына.
Ежелден қыз-бозбала болғаннан соң
Біреудің біреу қалар жаласына.
Адасқан жалғыз қаздай үнің шықпас,
Ілінсең жайған тордың шарасына.
Шен алған ақ патшадан князьдайын,
Біліндің тоғыз дуан қаласына.
Көңілім сені көрсем болады шат,
Қонғандай бәйтеректің панасына.
Перизат көркің артық тәмам жаннан,
Сөйлесең сөзің тәтті шекер-балдан.
Сүмбіл шаш, оймақ ауыз, меруерт тісің,
Құрбыңда сені құшқан қалмас арман.
Асыл зат, алқызыл гүл сен болмасаң,
Жаманға кісі емеспін қолқа салған.
Айтатын бір-екі ауыз бар ғой назым,
Айтайын сол назымды көңліме алған.
Қыз-жігіт теңін тауып ойнап-күлмек,
Бұл мирас бұрынғыдан бізге қалған.
Бір күні қапа болып өкінерсің,
Басыңда тұра бермес дүние жалған.
Перизат, бір сен үшін қапаландым,
Сағынып сипатыңды хатқа салдым.
Ойласам сіз тараптан жауабыңды
Баса алмай аяғымды естен тандым.
Етпесең өзің біліп бір дауасын,
Тәнім дерт, көңлім капа, от боп жандым.
Ей, қалка, сенің үшін жайдым торды,
Танитын кезің болды оң мен солды.
Сүмбіл шаш, қарақат көз, жазық маңдай,
Көретін күн бола ма бейне хорды?
Жүзіңді көптен бері көрмеген соң,
Жүрекке бітпейтіндей қайғы толды.
Тас есік тамнан үйді мекен етіп,
Жүзіңді көре алмайтын заман болды.
 
Ақан Сері Қорамсаұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *