Жігіттерге

Бір дауа бір тарқасын дәрмен дертім,
Қалдырдым жігіттерге сөздің артын.
Жақсыға жасын сынап кәміл айтып,
Байлайық тиянаққа істің шартын.
Бұларға үлгі берген өзі сауап,
Қымбаттың арзанменен білер нарқын.
Көлденең көмейіме сөзім тоқтап,
Басылған талай жаннан біздің қарқын.
Осындай сөз айтты деп біреуге айтып,
Шығарар оқығандар сөздің дәрпін.
Берерге ғылым жазып адам керек,
Біреу мыс, біреу қола, біреу алтын.
Сонымен салмақтаған ер табылса,
Айтылмай неге қалсын менің атым.
Дана, надан мағанасы екі түрлі,
Сарғайып сана, жүрек болар салқын.
Оқушым айтушыдан болсын зият
Ақыл, ғылым, пиғылдың білсін парқын.
Астан жілік тістесін, тойдан ілік,
Шарапатты жақсымен жүрсең жақын,
Сырлы сөзбен үлгілі жауап айтпай,
Надандар қай сезіммен болар ақын?
Мағанасы жолдастықтың қиын жатыр,
Ойласаң әуел бұрын құрбы хақын.
Шын жолдасын сыпайы сырттан мақтар,
Әуелі шын сырласың ішін ақтар.
Көзің жоқта сыртыңнан көмек болып,
Біреуге жамандауға ұят сақтар.
Оқуға жеһат қылған жігіттерге
Азғантай мен жазайын ақыл дәптер.
Ұмытар жақсылығын ерден көрген,
Әрқашан жаман жолдас бастан аттар.
Қам меғыр шапағат кімде болса,
Әуелі өзін біліп бойын шақтар.
Құл болмас, құны кетпес кішіліктен,
Білімді терең ойлап сөзін саптар.
Ал енді қандай жанда тиянақ бар?
Ойласаң, білген адам соны жақтар.
Бір дұшпан көре алмаған жамандаса,
Жете алса жақсы жолдас сөзін ақтар.
Сыр шашпас жақсы жолдас таза жүріп,
Қайғыға ортақ болар мойнын бұрып,
Тастамас жау қолына қысылғанда
Өзіңмен жанған отқа бірге кіріп.
Жекеге басын сақтап, өзін жақтап,
Ер шерік айтқан сөзден кетпес іріп.
Шырқырап шыбын жанын бірге салар,
Мойныңа бір дұшпаннан түссе құрық.
Айнымай, кетпес толқып, жаннан қорқып,
Бәйгіге басын тігіп қалар тұрып.
Құзырға қырық кісінің бірі жарар,
Біткен жоқ қой жақсы адам елден құрып.
Адамға мал мен мансап жолдас емес,
Байлықпен шайқап төгіп, ішсең үріп.
Қазына басқан байлық арылғанда,
Алғандай қолдың кірін сумен жуып.
Бір жылпос майдалықпен жағынам деп,
Қызметін бір ниетпен алар жойып.
Жамандық жақсылыққа бірдей болып,
Жолдасың іші-тыстан болсын жуық.
Шын жүрек, таза тілек табылмайды.
Болмасын сырты күлкі, іші қулық.
Бұл заманның тамыры құдандасы,
Әуелі арбасумен ойлар сұмдық.
Құданың бұйырмаған нәрсесіне
Кіріптар боп жүреді адам мұңдық.
Болмайтын өзі жалтақ, сөзі өсек.
Дос қайда айрылмастай тап он жылдық!
Өзіне келер пайда болса, оны алып,
Тозбақ үшін жаралдық дүние тұлдық.
Аңқайтып міз бақпайтын жерде қалар,
Жамбастың шұқырындай жаңғыз бұлдық.
Нәпсіге адам бенде жүрер күйіп,
Кетеді кесепеті дінге тиіп.
Тапырақтап өзіңді өзің қор қыласың.
Сайтаннан ту көтердің әскер жиып.
Ой ғазазіл нышаны ойлағанға,
Мағанасы күпірліктің көктен биік.
Шүкір пікір кесірлік жаман емес,
Майдалықтан жақсылық болар қиық.
Бірінен соң бірі ретімен құрыған соң,
Ақыл, жүрек тазарар ойы сыйып.
Көңіл баспақ көп ойлап көз жеткізіп,
Тоқтау, сабыр ылайық нәпсі тыйып.
Адам нәпсі шағуатқа ие болса,
Өзін өзі қалыпқа қайта құйып.
Баспасаң аса берер көңіл көрлік,
Бенде тияр сабырмен батыр туып,
Аузын байлап баспаса ер болмайды,
Ендігінің батыры жолы сұйық.
Кісі өлтірген батырлық, ұрлық, қулық,
Кітапта мұның бәрін дейді буық.
Шын хақиқат шариғат дәлеліне,
Әуелі нәпсі тыйған ерлік түзік.
Ішкен, киген, дүниеге мастық қылған,
Нәпсінің дариясына кеттік жүзіп.
Біреуден бақыт, кісілік асырам деп,
Бой созып, сайтан құсап тұрмыз қызып.
 
Ақан Сері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *