Жастық шақтар

Туған соң анаңыздан шыксаң бірге,
Еңбектеп екі жаста жүрдің төрде.
Үш жаста талпындыңыз үй ішінде,
Төрт жаста кадам басып жүрдің жерде.
Бес өтіп, сонда шықтың алты жасқа,
Лайық баққа біткен қиғаш қасқа.
Жетіде талпындыңыз жүйрік аттай,
Сегізде үкілі шоқты тақтың басқа.
Тоғызда толықсыдың туған айдай,
Ләззатты сөзің тәтті шекер, балдай.
Онында сан құрбыңнан озып шығып,
Он бірде жайтаңдайсың тұрымтайдай.
Он екіде екпіндедің жүйрік аттай,
Он үште ешнәрсеге жүрдің батпай.
Он төртте алтын тудай айқындалып,
Әлемге мәшһүр болдың жазған хаттай.
Он бес пен он алтыға бастын аяқ,
Он жеті о да тұр ғой жақын таяп.
Уа, шіркін, қыздың күні он сегіз ғой,
Жанымды қияр едім аямай-ак.
Он тоғыз, жиырмаға бастың қадам,
Күн шалар көкорай басын күзге таман.
Жиырма бір-жиырма екі қалса кейін,
Ілгері сол жасыңнан ұшпас бағаң.
Келетін мұнан сонғы жиырма үш,
Жиырма төрт қалса кейін ол бір тыныс.
Немене айтып-айтпай пәни жалған,
Артыңда кала берсе жиырма бес.
Күтқармай жиырма алты о да келер,
Кемуге күн-күн сайын пенде күтер.
Құрысын жиырма жеті, жиырма сегіз,
Жүйрік ат одан асса табады өнер.
Жиырма тоғыз, отыз о да жаман,
Келмейді кайта айналып өткен заман.
Қызықты жас күндерді айтып өттім,
Аяғы осыменен болсын тәмам.
 
Ақан Сері
 
 
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *