Ақан Сері мен Қожамбеттің айтысы

Ақан:
Біздің ел жылқы алуға ерінбеген,
Атығай жазаң алда берілмеген.
Жылқыны қара қойлап айдағанда,
Мырза-биің қалды ма керілмеген?
Жарасы, қасқыр тартқан тайдай болып,
Қарыны-құрсағыңның іріғдеген.
Сабанды керегеге ілдіргенде,
Қиқымың іркіт ішіп күрілдеген.
Қарауылдың қимылын көргеннен соң,
Кұдайберді, Бейімбет дірілдеген.
Қимылы Әнапиям қалай екен,
Жүлде алған арғымағым сүрінбеген.
Әйелге Мүсірептің қызын алып,
Ақша бет, оймақ ауыз күлімдеген.
Жүз жігіт алмас алып аттанғанда,
Найзадан күннің көзі көрінбеген.
Әлібек пен Жаулыбайды қамағанда
Екеуі үйде отырып дірілдеген.
Жалғыз-ақ Сералының себебімен
Кісілерің жазаға берілмеген.
Есенкелді Жиембет бітімі қалай екен,
Ту байлап тұлпар мініп дүріддеген?
Қожамбет:
Ақандай өлең жазған ақындарың
Ежелден қызға құтсыз тақымдарың.
Жылқы алды деп айтасың барымталап,
Ақан-ау, қайда кетті ақылдарың?
Сендердей барымта біз алғамыз жоқ,
Тал түсте қолдан шыққан қатындардың.
Түбіңе Ақтоқты қыз жетіп кеткен,
Оны да бетке басар жақындарың.
Шариғатта бар ма екен көрген жерің,
Сырттан ғайбат айтуға батылдарың.
Бұл күнде жын мен шайтан жолдастарың,
Ісің жоқ бір Құдайға мақұлдарың.
Бір күнде болып едің Ақан сері,
Жолдасың осы күнде жын мен пері.
Алты ай жаз бір қорада жалғыз жатып,
Қисық ағаш болыпты мекендерің.
Тоқтарсыз мынау айтқан сөзімізге,
Кеткен ақыл қайта оралса өзіңізге.
Қырық пен елу бестің арасында,
Бір сұлу жолықты ғой кезіңізге.
Ақан, сен өлең жазып арандадың,
Тоқаны не себепті жамандадың.
Омбыға он мың теңге шығарсаң да,
Таңбалы байтал көзін ала алмадың.
Зәкүннен артық пайда болмаған соң
Мына жерде жылқы алып амалдадың.
Сен былай тие берме жалпы жанға,
Бүйте берсе сүйекке болар таңба.
Данияр қүдалыққа келген шақта,
Сен де бірге барыпсың Шыңғыс ханға.
Сералы қорыққаннан не деп еді,
Түн ішінде сен оған ақырғанда.
Сескеніп күллі жүрттың зәрі кеткен,
Жынданып, жаның шошып бақырғанда…
Ақылды, Ақан, саған көп айтамын,
Бойыңа жүғымды қып дөп айтамын.
Сыртынан әр жақсының өлең жазсаң,
Мұнынды бұзылғандық деп айтамын.
Өзің бұзып жүріпсің затыңызды,
Былғамаңыз күнәсіз затымызды.
Жіберген бұл өлеңді кім десеңіз,
Қожамбет деп білерсіз атымызды.
Ақан:
Ақандай мініңді айтты ақындарың,
Жетпеді жығылуға ақылдарың.
Харам іске я Құдай аттанам деп,
Мұқанынан дүре жеген жақындарың.
Қарындасым ес көріп барып еді,
Жайдақ атқа қажатып тақымдарын.
Алты айдай Ыбырайдың жылқысында
Төрт ермен паналаған қатындарың.
Өзім сақтап беріп ем сүйегімді,
Ұстай алмай жүн қылдың жібегімді.
Арғы мінді қопарып неге керек,
Жібермеспін мен саған өз кегімді.
Қожамбет:
Ақан, сен мен айтайын келдің қайдан,
Бір күнде шығып едік екі дайдан.
Анам арғын Ақжолдың бел баласы,
Қалайша мін шығады Атығайдан?!
Жібекті ұстай алмай жүн қылған сен емес пе,
Мінекей тосу көрдің бір Құдайдан.
Көп қазбай осы жерде тоқтатайын,
Ел бүзылып кетеді осындайдан.
Ақан, сен сау күніңде болдың көсем,
Көңілің қапа болар жаман десем.
Бұл пері ерте кірген қамалыңа,
Әкеңді де жіберген жоқ аман-есен.
 
 
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *