Бір адам далада жол жағалап келе жатса, жайылып жүрген бір төбе түйеге ұшырайды. Өзіне жол ашпақ үшін қолындағы таяғын түйелерге таман лақтырып жібереді. Таяғы құрғыр ұшып барып, бір түйенің көзін шығарады.Түйеші жолаушыдан түйенің көз құнын даулайды. Бұл бәледен құтылайын деп, түйенің көзін шығарған адам тұра қашып, бір биік жардың кемерінен секіріп түседі. Сол уақытта жар астында, көлеңкеде бір қарт кісі ұйықтап жатыр екен. Қашқын секіріп түскен салмағымен бейшара қартты басып өлтіреді. Мұны сол маңда жүрген қарттың баласы көріп қалады.Жолаушы қашады. Мұны түйеші мен қарттың баласы қуып келеді. Сорлы қашқын бір дарияның жиегіне келіп жетсе, қайықшыға ұшырайды. Сасқанынан қайықшыға: – «Мені дарияның ар жағына шығарып сал, бір ширек ет берейін», – дейді. Қайықшы қашқынды ар жаққа өткізеді. Ал енді қашқынның қайықшыға төлеуге еті жоқ. Не қыларын білмей дағдарды. Қайықшы қашқынды жағасынан алып, жібермейді. Сүйтіп тұрғанда кейінгі екі даугер келіп жетеді. Даугер енді үшеу болады: біреуі түйенің көзін, екіншісі әкесі-нің құнын, үшіншісі қайық пұлын сұрайды. Қашқын не қыларын білмейді. Қайықшы қашқынға айтады: – Егер төлеуге етің болмаса, балтыр етіңді кесіп бересің, – деп. Бұлар қанша дауласса да келісе алмайды. Ақырында сол маңдағы бір данышпан биге барып жүгініседі. Би түйешіге айта-ды: – Әй, балам! Бір түйені мен анадай жерге тұрғызайын, сен қолыңа таяқ алып, сол түйенің көзіне дәл тигізсең, түйенің көзі түгіл, бүтін түйенің өзін үкім қылайын, тигізе алмасаң өзің жаза-лы боласың. Бұл сөзді естіген соң түйеші ойға қалып, дауынан кешіп, кетіп қалады. Би енді қарттың баласына айтады:– Шырағым, мен осы адамды жардың астына жатқызып қояйын, сен жарға шығып, үстіне секіріп түс, өзіңнің салмағыңмен қашқынды өлтірсең, мен саған өз жанымнан әкеңнің құнын төлейін, өлтіре алмасаң өзің өлесің. Бұл сөзді естіп, қарттың ұлының зәресі ұшып, құн даулауданқашады. Ал енді жалғыз-ақ қайықшы қалады. Данышпан қайық-шыға айтады: – Мына адамның балтырынан бір ширек ет кесіп ал, бірақ бір ширектен бір мысқал артық та, кем де болмасын. Мұнан не артық, не кем болса, өз обалың өзіңе, басыңды аламын». Мұны естіп қайықшы қашады.
Ахмет Байтұрсынұлы