«Аштық ешкіммен бірге туысқан жоқ» деген бұрынғылардың мақалы бар. Жер жүзінде жандық біткеннің іздегені тамақ. Аштық салдарынан тамақ іздеп, адам баласы тағы кезінде-ақ егін салуға кіріскенін білеміз. Бұрынғы заманда ел аз, жер көп. Бір жерді тозғанша айдап, тозған соң оны тастай береді, тың жерден барып айдайды. Бес-алты жылдан соң, бұл жер тағы тозады, диқаншы үшінші жерге барып соқасын төсейді. Сонымен тозған жерді қалдырып, тың жерді жырта береді. Орман ішінде тұрған халық болса, ағашын отап я өртеп, ағаштан тазартып алып егін салады. Тозған жерін бұлар да тастап кете береді. Жер кең, ешкімнен тоқтау жоқ. Жиырма бес жылда жер қайта жаңғырады, тыйланады. Диқаншы жиырма бес жыл шамасы өткенде баяғы жерін қайта айдайды. Мұны аудармалы егіс дейді.Неше замандар өткен соң, ел көбейеді, өседі, бірақ жер өспейді, қоныс тарылады. Жұрттың бәріне бірдей егіске қолайлы жер жет-пейтін болады, бірақ адамның бәріне де тамақ керек. Енді қалай қылу керек. Аштықтан құтылу үшін бір нәрсе ойлап табу керек.Айдалған жерді жиырма бес жыл тусыратып қалдырудың орнына енді, бір-ақ жыл қалдыратын болды. Жерді бір жыл егіп, келесі жыл бос жатқызып, үшінші жылы тағы сабан төсейді. Төртінші жылы тағы дем алғызады. Сонымен екі нәубетті егіс шықты. Бері келе адам баласы жердің тең жарасы жылына бос жатқызудың тиімсіз екенін түсінді. Енді диқаншы жерін үш танапқа бөліп, екі танабына егін салып, бір танабын дем алғызып қоятын болды. Сонымен үш нәубетті егіс басталды. Екі нәубетті егісте жылына жердің жартысы бос жатса, үш нәубетті егісте жы-лына жердің үштен бірі ғана бос жатады. Бұрынғы қайта-қайта жер жаңғыртып, бір жерден екінші жерге тынбай, шоршып түсіп егетін егістікті бір нәубетті деуге келеді. Үйткені, жер танапқа бөлінбейді, жердің бәрі бір танап сықылды.Бұл күнде жері құмақ, тез тозатын оңтүстік аудандарда қазақжерді бір нәубетті егіс жолымен айдайды. Арқалық қара топырақ-ты аудандарда егіс үш нәубетті. Қазақтың үш нәубетті егіске түскеніне жиырма, отыз жылдың шамасы болды.Ресейде үш нәубетті егіс ХҮ ғасыр аяғында шыққан. Осы күні Ресейдің қай жерінде болса да, үш нәубетті егіс бар. Еуропада үш нәубетті егіс мұнан мың жылдың ар жағында шыққан.Сонымен әуелі бір нәубетті, мұнан соң екі нәубетті, мұның соңынан үш нәубетті егіс шыққан. Мұны айтуға жеңіл болғанмен, тұрмыс жүзінде өзгерулеріне көп уақыттар кеткен. Мәселен, славяндар бір нәубетті егістен екі нәубетті егіске түскенше мың жыл шамасы өткен.
Ахмет Байтұрсынұлы