ҚҰРБАН ҚИЯ

Құрбан қия деген Отыз өлкесінде жүріп қайдан қарасаң, сонан көрінетін жартас. Сыртын Отыз ауылына беріп, бетін ескі Қырым орманына қаратып, еңкейіңкіреп, басын төмен салбыратып, бейне зор қалың ойға қалған сияқты көрінеді. Күн шығып келе жатқанда, ар жағынан келіп қарасаң, жартасқа бір нән адам тырмысып шығып бара жатқан сияқты болады. Бір қолымен жартастың төбесінен ұстап, екінші қолымен тастың жан-жағына тіреп, өрмелеп, тасқа жабысып, құламасқа тырысқан кісі сияқты. Соны тас болған қойшы деседі. Рас, өтірігін кім білсін, бірақ солай деген жұртта аңыз бар. Отызда («Отыз» татар ауылының аты. 1779 жылы Қырымнан гректерді қуғанда, отыз үй грек қалған екен, сонан ауыл Отыз атанған… Отыз ойпаты деген – Қырымдағы ең әдемі жердің бірі деп айтылады). Құрбан мейрамы болғанда ақсақалдардың есі-не сорлы қойшы түсіп, Құрбан қияға қарап отырып, соны сөз қылады. Бұрын қойшылар көп болған. Әрбір ауқатты ноғайдың өз алды-на отары болған, бірақ Салахиддин малынан артығы болған емес, оның қойшысы Үсендей жағымды малшы болған емес. Үсен білмейтін тау ішінде соқпақ болмаған, ағаш ішінде алаң болмаған, сай ішінде су болмаған. Салахиддин қойшысына ырза болуы сонша, жалғыз қызын Үсенге бермекші болады. Әмина – жалғыз қыз, жалғыз қызың үшін не істемессің? Әминаның көңілі көптен Рапықжанда еді, ауылдағылар жіңішкелігінен арық Рапықжан деуші еді. Әминаның бұл жайын Үсен қойшы біліп, Рапықжанды жек көретін. Бір жетіден соң Рапықжан таудан құлап, жан тапсырады. Құрбан мейрамының күні еді, Үсен құрбанға шалатын қойды алып келеді. Рапықжан өліпті деп айтқанда, Үсен мұртынан күледі де: – Әркімнің өз күні өзіне, – дейді. Қойды бауыздап, қолын қанға жуғаннан кейін тағы миы-ғынан күледі де: – «Өзі жығылған өкінбес» деп бабаларымыз айтқан ғой, – дей-ді. Қойшының сөзі Салахиддиннің құлағына жағып кетіп, қорада кетіп бара жатқан Әминаны көрсетіп, бай Үсенге көз қысады. Үсен Әминаға кемпірден сөз салады. Кемпір Үсенге келіп: Рапықжан жығылған қияға шықсаң, саған тиемін деп айтты дейді. Әминаның әкесі Салахиддин басын қасиды: ол қияға ешкім шықпаған еді, – дейді.

– Мен шығармын, – дейді.

– Үсен, мақтанасың ғой, – дейді Салахиддин.

Мақтанасың ғой дегеніне намысы келіп, Үсен серт қылып:

– Сол қияға шықпасам, өзім қия болайын, – дейді.

Кешке таман күн батарда Әмина көреді: қойшы өрмелеп, қияның басына таянғанда, бір үлкен топ тас жарылып, бұрқыратып, шаңдатып, төмен түсіп кетеді. Жұрт қойшы құлап өлген шығар деп барып қарап, таба алмайды. Екінші күні таңертең тағы келіп қараса, қойшы үлкен тас болып қатып қалғанын көреді. Жұрт аңыз қылуынша: қойшы қияның басына шығаберген кезде көзіне Рапықжанның сәулесі түседі. Қойшы қорыққаннан тас болып, қатып қалады. Ноғайлар… жартасқа Құрбан қия деп ат қойыпты.Осылай деген сөз бар, рас, өтірігін кім білсін.

(«Қырым сөзі», Маркстан)

Қыр баласы (Әлихан Бөкейхан)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *