Қой – хайуанның ішіндегі ең момыны. Ұрсаң, соқсаң бақыру жоқ, тіпті қасқыр етінен жұлып жатқанда да дыбысын шығармайды. Қой ұстауға көнімді, пайдалы хайуан болғандықтан адам ерте малданған. Қойдың толып жатқан тұқымдары бар. Бірақ түпкі тұқымы қой мен сарық болып екі айрылады. Екеуінің арасындағы айырмасы құйрығында. Қысқа құйрықтысы қой деп, ұзын құйрықтысы сарық деп аталады. Қойдың да, сарықтың да майлы құйрықтысы, майсыз құйрықтысы бар. Қойдың да, сарықтың да толып жатқан өз алдына тұқымдары бар. Олардың бірсыпыралары көбінесе еті үшін, бірсыпыралары көбінесе жүні үшін, бірсыпыралары терісі үшін ұсталады. Біздің қазақ қойды көбінесе еті мен жүні үшін ұстайды. Жүні үй жабуға керек, орыс қойларының ішінде романский деген тұқымы бар – о да жүні, еті, терісі үшін ұсталады. Бұқарда қаракөл сарығы бар – ол елтірісі үшін ұсталады. Англияда майда жүн сарық бар – ол көбінесе жүні үшін ұсталады. Сарықтың қымбат тұқымдары: меринос пен қаракөл. Мериностың жүні жақсы, қаракөлдің елтірісі жақсы. Бұлардан басқа тұқымының жүні жақсысы романский, елтірісі жақсысы – мәліш қой. Қой мен сарықтың қай түрінің де болса, адамға пайдасы көп: етін жейді, сүтін ішеді. Терісінен тон тігіледі, бөрік істеледі, жарғақ жасалады, мес қылынады, жүнінен киіз басылады, шек-пен, қап тоқылады, пабірікте (фабрика) неше түрлі қымбат мата-лар істеледі: аяқ киімдер, қалпақтар жасалады, мүйізінен пышаққа сап, шақша, тарақ, түйме сияқты ұсақ-түйек нәрселер істеледі, түяқтарынан желім қайнатылады. Сүтінен ірімшік, құрт, май алы-нады, сүзбе жасалады. Майына нан пісіріледі, сабын істеледі.Қойлармен тұқымдас қолға үйренбеген хайуандар бар. Мәселен, арқар сияқты. Олар тағы күйінде таулы жерлерде жүреді.
Ахмет Байтұрсынұлы