ҚОБЫЛАНДЫ БАТЫР МЕН ТАЙБУРЫЛ

Әуелі, Алла анайым,
Ақ жаратқан Құдайым.
Ұшпақта үрлер сымбатты,
Үйдегі Құртқа жұбайым,
Жұбайым олқы болды деп,
Жемеймін Бурыл, уайым.
Шешең тұлпар деуші еді,
Шешеңнің сөзін сынайын.
Жан серігім, Бурыл ат!
Жайың қалай, Бурылжан,
Қалқам бүгін бұлаймын!
Жан серігім, жалғыз ат!
Төрт аяғың сом болат,
Қолтығыңда қос қанат,
Үстіңде мен аманат.
Үкілі құйрық, майда жал,
Кесер басың сары алтын,
Үстіңе біткен түгіңнің
Жары – күміс, жары – алтын,
Ырғала басып жүр, жарқын!
Құртқам баққан Тайбурыл,
Терлемессің күн салқын!…
Жылқыда тұлпар сен едің,
Жігітте сұңқар мен едім,
Сен астымда сау тұрсаң,
Қыдыра жалды, қыл құйрық
Сенен озбас деп едім.
Аяғы екеу, бір басты,
Менен озбас деп едім.
Бүгінгі күн Тайбурыл,
Жоғарғы ерні жыбырлап,
Төменгі ерні қыбырлап
Тайбурыл ат сөйледі: –
Жан жолдасым, Қобыланды ер!
Айтқан сөзің шекер – бал.
Аямай тарттың қамшыны,
Батыр туған Қобылан нар,
Өлмесем де кеудемнен
Шыға жазды шыбын жан.
Жапанда жалғыз достыңа,
Әлдеқандай кегің бар?
Қызылбастың жұртына
Мұнша болдың ынтызар!
Жалғыздық кегін менен ал,
Жамбасыма қамшы сал!
Қалалы жерде қарғырмын,
Қазып салған кең орға.
Ақ сұңқар құс түседі
Тамақ үшін ақ торға.
Төрт аяғым тең жорға,
Үстімде сен есенде,
Астыңда өзім есенде,
Қажу бар ма, мен сорға.
Ат қылып Тәңірі жаратты
Сен сықылды лайға.
Жігіт адам қысылса,
Бір Тәңірге жылай ма?!
Қырық күншілік Қазанға
Жалғыз күнде жет дейсіз,
Ұшқан құсқа да оңай ма?
Қиын да болса, Қобыланды,
Қиналамын, қайтейін.
Уәдеңіз солай ма?!
Намаздыгер өткенше,
Намазшамға жеткенше,
Қазан ағаш бағысын.
Түсірмесең жүзіңе,
Көрсетпесем көзіңе,
Жан серігің Бурылды
Сол жерде сал, Құдайға!
Сонан соң Қобылаңды қуанып:
Шырағым, Бурыл шу! деді,
Шу дегенде гуледі.
Табаны тасқа тимеді,
Тау мен тасты көрмеді,
Тер шыққан сайын өрледі.
Асқарды көзі көрмеді,
Көлденең жатқан көк тасқа
Тіктеп тиген тұяғы,
Саз балшықтай иледі.
Жақын қылды алысты,
Берсін кімге намысты.
Күн төбеден аумай-ақ,
Түзеді Бурыл шабысты.
Қос құлағы тігілді,
Қайранға біткен қамыстай.
Түс ауған соң бүктелді
Илеуі жеткен қайыстай,
Байлаулы малдай шешілді
Төрт аяғын көсілді,
Айыр есімдей есілді.
Кешегі кеткен көп қолға
Жетемін деп Қобыланды,
Жоқ еді тіпті есінде.
Ағыны қатты Бурылмен
Жетті келіп бесінде.
Қобыланды батыр дем алып,
Алдыңғы жаққа қарады.
Көз ұшында бір адам,
Шауып өтіп барады.
Шауып жетіп қараса
Қол соңында барады,
Қара Боқан жауырыншы.
Боқанға келді «Арма!» деп,
Алдыңда кісің бар ма, деп.
Онда Боқан сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Жылқы ішінде ала-ды,
Қылшық жүнді қара-ды.
Аты қалар деп пе едің?
Өзіңнен үлкен ағаны.
Осынау дөңнің астында,
Қосдәулет кетіп барады.
Тайбурыл атты құтыртып,
Оған да келді сыпыртып:
«Үлкен едің арма!» деп,
«Алдыңда кісің бар ма» деп.
О да айтады: «Аланы,
Жоқ деп ек, Қобылан баланы!
Осынау белдің астында
Аққозы кетіп барады».
Тайбурылды құтыртып,
Оған да келді сыпыртып:
«Үлкен едің арма!» деп,
«Алдыңда кісің бар ма», деп.
Аққозы сонда сөйлейді:
«Алыстан айқын көрінген,
Жылқы ішінде ала-ды,
Қылшық жүнді қара-ды,
Адасты деп ойлап ең,
Қобыланды сынды баланы.
Оңдаса Тәңірі сапарды,
Пенденің болмас шарасы.
Қызыл тілді сөйлеткен,
Қаусырма жақтың арасы.
Жеткен-ді деп ойлаймын,
Өз көңіліме шамасы,
Кешегі күн шапқалы,
Көре алмадық шырағым»,
Құрдасының қарасын.
Енді алдыңа қараман,
Жетсең оған барасың.
Бұлаңдаған Бурылға
Тағы соқты қамшыны ай,
Тайбурылдан тер ақты,
Көктен жауған тамшыдай.
Найзасы түспей қолынан,
Жұлдызы туды оңынан,
Боқанға жеткен бесінде,
Қараманның шұбалтып,
Және жетті соңынан.
Артынан жетіп сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
– Болғаның ба, досым-ай!
Мақтаған атың осыма-ай!
Он екі күнде жетерсің,
Менің жауға тіккен қосым-ай,
Тауға біткен татыр-ай!
– Жарасар тіккен шатыр-ай!
Анау күні қатын деп,
Қарамай кеткен батыр-ай!
Қатын да болса білдің бе,
Құртқамның асыл затын-ай!
Қатынның баққан аты озды,
Қалсаң өлім жақын-ай!
Жүрмейсің бе, Қараман,
Үш күн кейін соң қалып.
Бесінде озып барамын.
Електі етсең Есенбай,
Қыс қыстауға Борсық жай,
Қобыланды шауып жөнелді,
Көп Қиятқа қарамай.
Қалың Қият көп қосын,
Бәрі қалды артында
Бір еруге жарамай.
Шынымен Қобылан шу! деді,
Құбылып Бурыл гуледі,
Аманбайдың ақ тікен,
Аса қарғып жөнелді.
Қарсы келген қабақтан,
Қарғып асып жөнелді.
Сеңгір-сеңгір таулардан,
Секіріп асып жөнелді.
Ол төбе мен бұл төбе,
Бауыры шұбар көл төбе.
Онан да өтіп жол шекті.
Бөктергілі бүкіл сай,
Су түспеген терең сай,
Сыпсың біткен қарағай,
Онан да өтіп жөнелді.
Қамыстының қазды көл,
Қоғалының қулы көл,
Жекендінің жалғыз көл,
Шабақтының шаңды көл,
Шағалалы шалқар көл,
Қызғыштының қызды көл.
Қара құтай қос көлден,
Айналасы бес көлден,
Күдердің қара дөңінен,
Бесінде өтті дөңінен.
Барлы-барлы, Барлытау,
Басы биік қарлы тау,
Би жайлаған Алатау,
Хан жайлаған Қаратау,
Түйе мойнақ Иіртау
Қыз емшекті сүйір тау,
Онан да өтіп жөнелді.
Атасу мен Манасшы,
Мал оттауға оты ащы,
Ішейін десең, суы ащы,
Бұл жерден де өтіп жөнелді.
Қампай, Күмпей қасынан,
Жем, Темірдің басынан,
Қалбағайлы Бұлдидан,
Қасқалдақты Ылдидан,
Тобылғылы Нұрадан,
Сексеуілді жырадан,
Байалышты құмайттан,
Бүлдіргенді шыңайттан,
Жалғыз өтіп жөнелді.
Астындағы Бурылдың,
Жоғарғы ерні көк тіреп,
Төменгі ерні жер тіреп,
Жауған күндей күркіреп,
Жаңбырдай тері сіркіреп.
Омырауы есіктей,
Ойынды еті бесіктей.
Сырты сұлу Бурылдың
Құмдаудан қазған көсіктей,
Қос құлағын қамшылап,
Бұттан тері тамшылап,
Тау суындай сылпылдап,
Ақ сауыты жылтылдап,
Тобық еті бұлтылдап,
Құбылып ойнап, жер басты.
Алдыңғыдан артқысын,
Сынық сүйем, кем басты.
Жалғасып ұшқан қоңыр қаз
Тозаңынан адасты.
Асқар төбе бел еді,
Бірде шауып желеді.
Көлденең жатқан көк тасқа,
Тіктеп тиген тұяғы
Ұршығынан енеді.
Құбылып ойнап жер басып,
Дөңгеленіп келеді.
Садақтың бауы сартылдап
Жанында қылыш жалтылдап.
Масатыдан шалбардың,
Сала құлаш балағы,
Жел соққандай жалпылдап,
Белеңнен асты былқылдап,
Тозаңы шықты бұрқылдап,
Табанына тас тисе,
Түнде шаққан шақпақтай,
От шығады жылтылдап.
Аттың жолы қазылды,
Ұмтылғанда қысылып,
Бес жүз құлаш жазылды.
Омырау тері көпірді,
Бурылжан көкке секірді.
Шаба-шаба шатылды,
Тұяғымен ұшқан тас,
Қызылбас мылтық оғындай,
Аспан көкке атылды.
Тұяғымен тоздырды
Бұтасыз майдан тақырды.
Тақиядай көрмеді
Үстіндегі мінген батырды.
Бұлаңдап шапқан Бурылдың
Маңдайында масат бар.
Марал ішсе таусылмас,
Құйрығында құдық бар.
Құлан ішсе таусылмас.
Қабырғасы қал қан тау
Хандар мінсе қайыспас,
Омыртқасы орман тау,
Ерлер мінсе майыспас.
Арандай аузын ашады
Аяғын топтап басады
Бір төбенің тозаңын
Бір төбеге қосады!
Кешке таман Бурылжан
Жын қаққанға ұсады.
Құлан менен құлжаның,
Марал менен бұғының,
Ұзатпай алдын тосады.
Көл жағалап отырған
Көкқұтан мен қарабай,
Көтеріліп ұшқанша,
Белінен кесе басады.
Дуадақ пен жек қалды,
Бірқазан құс көп қалды.
Әлде өтірік, әлде шын,
Ақ-сары бас лашын
Өлген құсты жеп қалды.
Ебелек ұшпас елсізден,
Құла мидай шөлдерден,
Қан сасыған жерлерден,
Батпақ, ылай көлдерден,
Асқар-асқар белдерден,
Жалғыз шауып жол шекті
Үмітін үзіп келеді –
Қараспан тауды жайлаған
Қалың кыпшақ елдерден
Намаздыгер өткенде,
Намазшамға жеткенде,
Белес-белес бел көрді,
Астында белдің ел көрді.
Мұны көріп Бурыл ат,
Қос құлағын қадады.
Шабысын түзеп алады,
Көздері оттай жанады.
Нақ ымырттың кезінде,
Қазан ердің көп жылқы
Салып жетіп барады.
 
Ахмет Байтұрсынұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *