Түйе көптен қолға үйреткен төрт түліктің бірі. Түйенің түрлі тұқымдары бар, әр түрі жеріне қарай ұсталады. Түйе жылы жақтан шыққан хайуан, өте суық жерлерде тұра алмайды. Сондықтан жылқы мен сиыр сияқты кез келген жерде ұшырай бермейді. Түйенің түпкі тұқымы екеу: айыр өркеш, жалғыз өркеш. Екеуінен түрлі тұқым шыққан. Жалғыз өркештің жақсысы – нар. Нар – түйенің нағыз зор, мықты тұқымы, артқанда 30-40 пұт жүктерді күйзелмей көтереді, жеккенде 90-100 пұт жүктерді қиналмай тартады. Онан соңғы күшті тұқымы – қоспақ. Кей жерлерде жақсы қоспақты «құрт» деп атай-ды. Нардың аруана деген тұқымы бар, ол күшке онша емес, бірақ сүтке жақсы. Аруана айырдан екі үш есе сүтті болады. Нар мен аруанадан айыр мен қоспақ жүндесірек.Түйе көбінесе көлік есебінде ұсталады. Шөлсіз асу жерлерде-гі жүріске түйеден басқа мал төзбейді. Темір жол жоқ жерлерде бұрын да, бұл күнде де түйенің қызметі зор. Тізбек-тізбек түйе жетелеген кіркештер сулы, сусыз жерлерді талғамай, кезіп жүре береді. Сондықтан түйеге «қыр кемесі» деп ат қойылған. Түйенің шөлдемейтіндігі денесінде бөлшек-бөлшек ыдыстары көп. Бір іш-кенде соларын суға толтырып алып, шөлдегенде аздап сусынын қандырып отырады. Шаң-тозаң түспеске қысып алуға түйенің мұрны ыңғайлы жаратылған. Шөлге төзімді, жүрісі өнімді, күші көп болғандықтан көлік орнында түйе егіздерден көп артық.Түйенің көліктіктен басқа да көп пайдасы бар. Еті жылқы мен сиыр етіндей дәмді болмағанымен жеуге жарайды. Сүтінен «шұбат» деген түйе қымызы істеледі. Түйе сүті қою, қаймақ сияқты болғандықтан өте жұғымды болады, кісіні тез семіртеді. Жүнінен күпі істеледі, шекпен, шұға, кілем, бау-шу тоқылады, арқан, жіп есіледі. Терісінен былғары, қайыс, таспа, көн, ыдыс істеледі. Майы балауыз шам жасауға ұсталады. Табанынан түйме, тарақ, оқшантай сияқты нәрселер жасалады, желім қайнатылады. Тезегі отқа жағылады, сүйегі қант зауыттарында ұсталады. Түйе күйісті айыр тұяқтылардың арасында көн табан табына жатады. Сортаң жердің шөбін жаратады, тұзсыз тұра алмайды, ыстықты сүйеді, неғұрлым ыссы болса жанына жағады. Ыссыда түйе тез семіреді.Жұмсауға көнімді, тағы күйінде қалған түйе – жоқ есебінде. Тянь-Шань тауларында тағы түйелер аздап ұшырайды.
Ахмет Байтұрсынұлы