СЕЗІМ

Кісі көзімен көреді, құлағымен естиді, мұрнымен иіскейді, тілімен татып, қолымен сипайды. Бір кісінің көзі жақсы көрсе, екінші кісінің көзі нашар көреді. Біреу саққұлақ, біреудің құлағы мүкіс. Біреудің сезімі күшті, қиырдан иіс мұрнына сап ете қалады. Біреу шіріген етті мұрнына тақап тұрып иіскесе де, ешнәрсе сезбейді. Біреу сипалап, көрмесе де, не нәрсе екенін біледі. Біреу сипағанмен дәнеме сезбейді, қағазды ағаштан айыра алмайды. Біреу тілінің ұшына тигізер-тигізбестен дәмді айыра қояды, біреу жұтып салса да, ащы мен тұщыны айыра алмайды. Сол сықылды, әр аңның да әр сезімі күшті болады, бірақ адамнан гөрі қай аңның болса да сезімі күштірек. Адам бір нәрсені білгісі келсе, қолына алып қарайды, дауысын тыңдайды, кейде иіскеп дәмін де татады, көбінесе адам нәрсені сипап біледі. Енді аңды алалық. Аңның қайсысы болса да нәрсені иіскеу керек. Жылқы, сиыр, қасқыр, ит, аюлар нәрсені иіскемей тұрып біле алмайды. Жылқы қорықса, жақсырақ иісін алу үшін пысқырып, мұрнын тазартып алады, әбден иісін алып болғанша, жылқы үрке береді. Ит иесінің ізімен жүгіріп келе жатып, өзін көрсе танымай қорқып үре бастайды, қашан иіскелеп танысқанша үргенін қой-майды. Сиыр туысқандарын қасапшы қырып жатқанын көре тұрып, құрбандардың өкірген дауысын есіте тұрып, не істеліп жатқанын түсінбейді, бірақ сиыр қаны төгілген жердің үстінен шығып, иіс-келеп, түсінді дегенше сиыр өкіріп аяғымен құм шаша бастайды, ол жерден сиырды қуып шығара алмайсың. Бір шалдың кемпірі ауырып қалып, сиырын өзі саууға барған. Сиыр пысқырып, бәйбішесі емес екенін біліп иімеген. Сонда бәйбіше байының басына орамал тартып, үстіне ішігін киіп баруға ақыл берген. Сиыр иіп қоя берген. Шал ілгегін ағытып жібергенде, сиыр иіскелеп тағы да мелшиіп иімей қалған. Аң иттері аң қуғанда өмірде ізбен жүгірмейді, жиырма қадамдай іздің бір бүйірін ала жүгіреді. Жаңа аңға шыққандар ізге саламын деп иттің тұмсығын ізге тигізсе, ит қарғып шығып кетеді. Үйткені іздің иісі иттің мұрнын жарып кете жаздайды да, аңның қалай кеткенін айыра алмайды. Ізден қашықтау кеткен соң иістің дені қай жақта екенін сезіп, ит аңның қалай кеткенін біледі. Иттің мұнысы – біздің құлағымыздың үстіне келіп дабырлап сөйлегенде, қашығырақ барып тыңдап, не айтып тұрғанын түсінетініміз сияқты. Ит бірін-бірі біліп, біріне-бірі иіспен хабар береді. Бәрінен де құрт-құмырсқалардың сезімі нәзік болады. Ара тіп тіке керек гүліне ұшып барады. Құрт өзіне керек жапыраққа қана барып жорғалайды. Қандала, бүрге, масалар адамды қандаланың неше жүз мың қадамындай жерден сезеді.

Л.Н. Толстой

Тәржімелеген: Ахмет Байтұрсынов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *