САТЕМІР

Сатемір жеті жасар күнінде анасынан жетім қалыпты. Күндерде бір күн Сатемір далада ойнап жүріп, бір ескі тамның түбінде шаршаған соң сүйеніп, жан-жағына қарап жатса, бір аяғы ақсақ құмырсқа тамның төбесіне қарай өрмелеп барады да, орта шеніне жеткенде, құлап түседі. Тұра салып тағы да өрмелейді, манағыдан гөрі жоғарырақ барғанда тағы құлап түседі. Үшінші рет құмырсқа және тырмысады. Ақырында бар күшін салып, қисая-мисая барып тамның төбесіне шығып кетеді. Мұны көріп, Сатемір ойға қалды: жан-жануардың ең кішкентайы осы – құмырсқа, әлі тіпті аз, төрт аяғы да түгел емес, сонда да тынбай жұмыс жұмыс деп жүр, ақсаңдап бір тырмысып, жығылып, ақырында қоймай, мұратына жетті. Тамның басына шықты. Мұны көріп отырып, менің де талап іздемей, жұмыссыз ойнап жүргенім ақылсыздық екен деп, үйін тастап, қалаға барды. Қалада бір зор білімді, оқымысты кісі бар еді, соған үй сыпыруға жалданып, ақысына оқу оқиды.Ақырында сол Сатемір асқан данышпан, білімді болып жұртты аузына қаратыпты.

Ахмет Байтұрсынұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *