РЕСЕЙДЕ ЖҮННЕН НЕ ІСТЕЙДІ

Қазақ жүннен киіз басады, қап, шекпен, бау тоқиды, арқан еседі. Ресейде жүнмен басқарақ пайдаланады. Қойдың үстінен я илейтін терінің кесілген шет-пұшпағынан кесіп алған жүннен байпақ басады. Жүнін қырқып алған терінің шет-пұшпағын желім қайнататын зауыттарға жібереді. Терінің шет-пұшпағынан, қойдың үстінен қырқып алынған жүнді әуелі сабап, ұйысқанын жазады. Орыс жүнді қазақша сабамайды, басқа ретпен сабайды, сабау реті бұлай болады: керегеге ердің қасы сияқты имек жақ бекітіледі. Жаққа былғарыдан, теріден таспа тар-тылып байланады. Сонда өзі керген ішек сияқты құрал шығады. Жүнді таспаға жақын салады. Сабауыш бір оқтаумен таспаны ұрса, керулі тұрған таспа дірілдеп жүнді сабап, ұйысқанын жазады. Сабалған жүнді жалпақ кенепке салып, сәл ғана бүркіп, түзуірек оқтаумен кенеп үстінде жұмсақ киіздей болғанша басады және басқанда етік түріне салып басады, бірақ керек шамасынан үлкен қылады. Солай істелген үлкен етіктерді ыссы суға малады. Ыссы судың әсерінен етік енді кішірейеді. Сонан соң киіз етікті жуып, ысқылап, қолмен қырыс-тырысын жазып, қалыпқа кигізеді. Сонан соң кептіріп, тазартып, базарға сатады. Осылай істелген киіз етікті байпақ дейді. Байпақтан басқа жүннен қолғап, шұлық, сырттан киетін көйлек тоқиды. Бұлардан басқа жүннен төмен қол «орыс мауыты» деген мауыты тоқылады. Орыс халқының қолдан істеген ұршығы және өрмек ағашы болады. Сол құралдарымен жүнді иіріп, тоқиды. Сонан соң барып жуып, кептіреді.

Ахмет Байтұрсынов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *