Әркім күн көру үшін өзіне керегін таба білу керек. Адамға керек тамақ, киім, үй, басқа толып жатқан нәрселер, соның бәрі қанша болса да табиғаттан табылады. Күннің әзір жылуы мен жарығын тегін пайдаланамыз. Өзеннің, көлдің, бұлақтың әзір суларын тегін ішеміз. Әзір ауаны тегін жұтамыз. Бұлар табиғатта әзір тұрған нәрселер (тағы қандай әзір нәрселер бар?), бірақ бізге керектің бәрі табиғатта әзір тұра қоймайды. Табиғатта шикілік, тұмсалық бар. Дайын күйінде табылатыны аз. Көбі еңбек сіңіргеннен кейін ғана адам керегіне жарайды, сондықтан, дүниедегі керек нәрселерді адам баласы әуелі – таба білу керек. Екінші – ала білу керек. Үшінші – ұқсата білу керек. Қысқасы, еңбек сіңірерге ке-рек. Мұның бәрі бір адамның қолынан келе бермейді. Біреу оны, біреу мұны істемек. Біреулер аң аулайды, екіншілер мал бағады, үшіншілер егін егеді, төртіншілер қолының шеберлігімен күн көреді, бесіншілер ой шеберлігімен күн көреді, алтыншылары пабрика, (фабрика) зауыттарында қызмет етеді. Сүйтіп, түрлі кәсіптер туады. Пабрика, зауыттағылар тоқыған маталарын, жасаған машина құралдарын өздері тұтас тұтына алмайды, оларын егіншінің астығына, малшының етіне айырбастайды. Соңғылар астығы мен етін өздері жеп тауыса алмайды. Ауысқанын матаға, түрлі құралдарға айырбастайды. Егінші көлікті мал бағушыдан, мал бағушы астықты егіншіден айырбастап алады. Басқа кәсіптегілер де сондай. Сонымен, адам баласы бірімен бірі қым-қиғаш алысу-берісуде, қатысу-жағысуда.Кәсіптер түрлі болуына табиғат та себепкер болады. Адамға керек нәрселер бір жерден түгел табылмайды. Бір жерде бірі табылғанда, екіншісі басқа жерден табылады. Бір жерде бірі көп болса, екінші жерде ол аз. Бір жерде оңай табылса, екінші жерде қиындықпен табылады. Мәселен: теңіз жағасы сықылды жерде балық ауламаса болмайды. Суық, қары қалың жерлерде итті көлік қылмасқа амал жоқ. Егісі жоқ алабын су шайып, тоғай болатын өзендер жағасында амалсыз мал бағу керек.Кәсіп түрлі болуына тұрмыс та себепкер болған. Тұрмыс – талас тартыс. «Ұшқан құс, жүрген аң, бәрі – тамаққа» де-ген мақал. Тамақ қиындықпен қолға түседі, бірақ тамаққа мей-ілі тартатындар көп. Бір түйір тамаққа әлденеше ауыз ашылып, әлденеше қол созылып тұрады. Үлестен құр қалып, аштан өліп кетпес үшін тірі жан тырбаңдап, тамақты оңайырақ, тиімдірек табу әдісін қарастырады. Көп тәжірибелер арқылы күн көрудің жеңіл, оңай жолына түсіп, ілгерлеп отырады.
Ахмет Байтұрсынов