Айт!…Боразна!… Бауыздалғыр көк шолақ!
Ай-ай…, Мырқымбай… жүгендемей, ноқталап…
Өк-к!.. Арам қатқыр көк сиыр!
Неге ентігеді? Неге жиі тоқталад?
Ай-й, Құдай-ай, көрсеттің-ау, көрімді!
Көрім қылмай берсең еді өлімді!…
Бүгін үйде жататұғын екенмін,
Мырқымбаймен жіберіп-ақ келінді.
Жатқанменен жаның тағы төзбейді:
Келін, бала күн өтерін сезбейді.
Жаңа келіп Самалықтың баласы: –
Он бес жерден бидай септік біз, – деді.
Қайт дейді екен, мен сеппейін дедім бе?!
Үйренбеген екі сиыр жегінге,
Өзі қотыр, өзі арық көк шолақ,
Мезгілімен жей алмайды жемін де.
Қайбір тұқым – үйдің саттым кейізін,
Көпсінгендей екі сиыр мүйізін.
Ай-й, ауылнай, қылдың-ау сен байсың, деп,
Нан таба алмай жүрген мені бір үзім…
Жұттан қалған екі сиыр, жалғыз ат,
Бұзау сойдым соғымыма жалғыз-ақ,
Маған дым жоқ… тұқым алды кедей боп,
Жиырма шақты қарасы бар Жанұзақ!
Ай-и, Құдай-ай, ауылнай-ақ қорлады-ау!
Соған тыю, соған жаза болмады-ау!
Айт! Боразна!… Көк шолақ ит тартпауын…
Бәрекелді-ай, сауын сиыр сорлады-ау…
Желдің тынып, түннің дағы шығуын,
Әттеген-ай, үзді көк ит шұжығын!..
Ай, Мырқымбай, жатыр ма екен байланып,
Бір келіннің көріп болмай қызығын.
Әукім-әукім… Ауызы неге көпірді?!
Қап-қара тер суға түскен секілді.
Шыжық болып күюмен-ақ өлем-ау,
Бір үй толған бағамын деп жетімді.
Әукім-әукім… шанышқақ па, немене?
Көк ит неге шегінеді, тебе ме?
Күн түс болды, жұрт соқасын доғарды,
Апырым-ай, бұл, Мырқымбай ит келе ме?
Он пұт бидай не бар жерге сіңгені,
Шашылатын тарының тұр бір жері.
Қаламбай да он таяқ жер шаштырмақ,
Ол сорлының жалғыз мен ғой білгені.
Ырысты да жіберіпті баласын,
Байғұс биыл көрді ме екен ағасын…
Ауылнайы түйір де қыл берген жоқ,
Енді қалай оған тұқым табарсың!…
Ырысбай жүр қайыр тілеп дорбамен,
Кеше көріп сөйлесіп ем жолда, мен.
Тұқымды да, малды да өздері алды дейді,
Бай-болыстар қосылып-ап молдамен.
Теңестіред дейтін еді кедейді,
Кедейді ешкім десуші еді, жемейді.
Жуандардың азу тісін сындырып,
Осалдарға неге осалсың демейді.
Мынасы кім?… Мына біздің қатын ба?
Туралайды, маған келе жатыр ма?
Дәу де болса сүт кереккен шығар ғой,
Ың-жың болған жетімдерге, пақырға.
Ашулы ғой біздің қатын бүрер-ақ,
Айналатын жер қалып ед бірер-ақ.
Көрмейсің бе, сау шу жықты өзгенің,
Бауыздалғыр, уақытында жүрер нақ…
Әукім… Әукім… шанышқақ па, немене?
Көк ит неге шегінеді, тебе ме?
Бір шақырым жерден ұрса келесің,
Ойнақтап-ақ болдың, қатын төбеме!
Айт, боразна! Бауыздалғыр көк шолақ!
Киіртіңдеп, шегінуін тоқтамақ.
Өк-к, өк-к! Арам қатқыр көк сиыр!
Неге ентігед? Енді неге тоқталад?!…
Шаңқан
Ахмет Байтұрсынұлы кітабынан