Кетер ме көпке дейін доңыз естен!
Былтырғы қатты боран қыстайғы ескен.
Жетпіс пен сексендегі қариялар
«Көрмедік сұрапылды мұндай» дескен.
Үскірік, аяз, боран араласқан,
Екі үйдің арасында жан адасқан.
Қабағын түйіп келген қаһарлы жұт,
Салды ойнақ сахараға уытын шашқан.
Мұндайда қасқыр қарап қалсын неге?
Қашаннан тісін қайрап жүрген неме,
Көп берді жұтқа көмек бір жағынан,
Демеді қызғаныш қып жұт та: «жеме!»
Қырылды қосты жылқы сорға түсіп,
Омбы қар, терең сай мен орға түсіп.
Әл кеткен қайыруға жылқышылар,
Жанымен қош айтысқан олар да үсіп.
Үстінде ұзын жолдың қалашылар,
(Күн бар ма, кедей сордың көзі ашылар?)
Тоқтаусыз күні-түні соққан боран,
Біразын қалған басып: қазасы бар.
Балалар боқша арқалап барын киген,
Сабаққа бармақшы боп шыққан үйден.
Жеткенше аяқ, қолын домбықтырып,
Бетінен тызылдатып аяз сүйген.
Суатқа мал суара барған малай,
Келеді құлақ, мұрнын о да уқалай.
Кенеттен, бір мезгілде боран соғып,
Ұлағып құба жонға кеткен талай.
Жылқыны доңыз солай қырып кетті,
Жұмысын бітірді де жүріп кетті.
Сан байлар жүген ұстап қала беріп,
Сабасын керегеге іліп кетті.
Міржақып Дулатұлы