Жандықтар тек тамақ іздеп тапқанымен, жанын сақтай алмайды. Әр жандықтың түрлі жауы бар. Солардан сақтану, қорғану керек. Қазақтың «жау жоқ деме – жар астында, бөрі жоқ деме – бөрік астында» дегені жандықтар тұрмысына дөп келеді. Масаны көлбақа жейді, көлбақаны көкқұтан жейді, көкқұтанды адам атып алады. Қойды қасқыр тартады, қасқырды арыстан сияқты күшті аң өлтіреді, арыстанды адам ұстап алады, адамды қара құрт шағып өлтіреді. Міне, жандық тұрмысында тек тамақ тауып, жан сақтаудан басқа, толып жатқан жаудан қорғанып та жан сақтау керек. Түрлі аң жаудан өзін-өзі түрлі ретпен қорғайды. Кейбіреулері жауға қарсы тұрады, кейбіреулері қашып құтылады, кейбіреулері білінбей құтылады, ешбір жандық тегіннен тегін өлгісі келмейді. Жазды күні қоян ор, қысты күні қардай ақ. Ор түсі жазғы шөптен, ақ түсі қысқы қардан көрінбейді, жауы байқамайды. Тоғай кесірткесі жасыл, қыр кесірткесі сұрғылт. Жасыл кесіртке көк тоғайда, сұрғылт кесіртке боздың арасында жауына көрінбейді, білінбейді. Сәл мезгілде түрлі түске кіретін «қамелен» (хамелеон) деген кесіртке бар. Түлкі жаудан айласымен, кірпі жаудан найзасымен құтылады. Киік сықылды аңдар жүйрік аяғымен, сиыр сықылды аңдар мүйізімен құтылады. Кейбіреулері қырағы көзімен, кей-біреулері саққұлағымен, кейбіреулері күшті тұяғымен жаудан құтылады. Кейбір аңдардың жаудан, қауіп-қатерден қорғанатын айрықша құралдары болады. Қазақ даласында осырақ қоңыз деген бір жандық бар. Өзі кішкене, алысса, жұлысса жаудан жеңіледі, қашып құтылуға жүйрік емес, шағуды білмейді. Біреу тиді дегенше, әлгі қоңыз сасық иісін жібереді. Маңындағы адамның бәрін қашырады. Сырын білген кісі осырақ қоңызға тимейді. Америкеде (Америка) кішкентай ғана бір әдеміше аң болады. Бойы мысықтан сәл биігірек, тырнағы, тісі өткір емес. Мұндай кішкене аңнан қорқудың жөні жоқ сықылды, бірақ бұл аңнан адам да, басқа аңдар да қорқады, өзі қорықпайды. Адам қасына келсе де кетпейді. Сол әдеміше аңның атын жұрт «сасықша» қойған. Сасықшаның құйрығының түбінде айырықша қалталары болады, сол қалталарынан өте сасық суын шашып келіп жібереді. Жаудан қорғанатын жалғыз құралы сол. Әлгі жаман иіске аңдар да шыдап тұра алмайды. Бір жолаушы айтады: «Бір күні қораның ортасын-
132да, ашық ауада түнеуіме тура келді. Түнде қораға сасықша келді. Қорада сойылған қой жатыр еді. Ит көріп сасықшаны қуып жі-береді. Бір мезгілде қораның ішінде сасық иіс келіп шығып еді, тұншығып өліп кетемін бе деп қорықтым. Сиырлар да мөңірей бастады» деп. Сасық суын бүркіп жіберген иттерді бірнеше күн қораға жолатуға болмайды. Мұхиттарда былқылдақ денелі каракатитса (каракатица) деген жәндік болады. Каракатитсаның денесінде қара бояу толтырған қалталары болады. Жаудан қашарда каракатитса әлгі қалтасынан бояуын шашып жібереді. Су қап-қара болып кетеді. Қара суда каракатитса көрінбей, жауынан құтылып кетеді. Кей жандықтар бірігіп, қосылып, күш біріктіріп жаудан қорғанады. Бір жандықтар әлсіз, нашар болса да, топтанып, күшті жауларынан құтылады. «Көп қорқытады, терең батырады» деген мақал бар. Көптің қолынан қандай ауыр жұмыстар да келеді. Сиыр жуас мал, бірақ қасқыр тисе, ірі сиырлар мүйіздерін сыртқа шығарып, ортасына уақтарын алып айнала тұра қалады. Қасқырдан алдырмай, жұлдырмай аман құтылады, кейде қасқырды мүйіздерімен жаншып өлтіреді. Америкеде «бизон» деген жабайы сиырлар бар. Қасқырдың иісін сезсе, бұзауларын ортасына алып, айнала тұра қалады. Сиырлар басын сыртқа шығарып, мүйіздерін ілгері қосып тұрады. Қасқыр жолай алмайды. Аңшылар айтады: Жабайы шошқалар да торайларын ортасына алып, басын сыртқа шығарып, қасқыр келсе иіріліп тұра қалады. Қасқыр айналасында ториды. Қалай іліп кетсем екен деп жүргенде, шошқа тісімен қасқырдың ішін жарып жібереді деп. Жылқылар да бірігіп қасқырдан құтылады. Қазақ жылқысында да қасқыр алатын айғырлар болады. Құстар да бірігіп, жаудан қорғанады. Теңіз қарлығаштары жиналып, топ жасап алып «теңізші» деген құсқа шабуыл жасайды. Теңізші көбінесе басқаларды талаумен күн көреді. Қарлығаштарды да талап кететін кезі болады, бірақ қарлығаштарды қашан да болса талап кетуге болмайды. Уақ қарлығаштар да елдік қылып, жаудан қорғанады. Көп болып жиналып алып, қарлығаштар теңізшінің үстіне төніп, соғыс шығарады. Көп қарлығашқа әлі келмейтін болған соң, басы-көзі сау тұрғанда, теңізші ұшып қашып кетеді. Күш біріктіріп жаудан қорғанатын жандық тіпті көп. Адам да жандықтың бір түрі. Күшті жауды жеңу үшін адам баласына да күш қосып бірікпесе болмайды. Жандықтың, адамның күн көретін, жан сақтайтын нәрсесіне кім қол сұқса, кім тартып күшпен алса, сол жау. Еңбекшілдердің еңбегінен өнген нәрселерді зорлықпен ала-мын деп қол сұғатындар болады. Олар еңбексіз жататын байлар, капиталшылар. Сиырдың жауы – қасқыр болса, еңбекшілдердің жауы – капиталшылар. Бұл жауларынан құтылу үшін еңбекшілдер де күш біріктіреді. Ресейдегі барлық еңбекшілдердің күші бірік-кен соң, ата жауы капиталшыларды 1917 жылы жойып жіберді. Жер жүзінің еңбекшілдері күш қосып, иінтіресіп жауға аттанса, бүтін жер жүзіндегі капитал тұрмысы жойылмақ.Күш бірлікте: Жаудан қорғану я жауды жеңу үшін бірлік керек.
Ахмет Байтұрсынұлы