ЖАНДЫҚТАРДЫҢ ЖЕР ЖҮЗІНЕ ТАРАЛУЫНА ЖЕЛ ЖӘРДЕМШІ БОЛАДЫ

Ірі жандықтар да амалсыз жер жүзіне тарайды. Мұхит ортасында «Әулие Үйкентүйдің аралы» деген арал бар. Мұнда буындырғыш деген үлкен жылан бұрын болмаған (Буындырғыш деген – ұзын, жуан жылан болады. Тісінде уы жоқ, бірақ хайуанды орап алып қысып өлтіреді). Бір жылы сол аралға толқынмен бір ағаш келіп тірелген. Ағашты қатты жел қопарып кеткені я өзен жағасында өсіп тұрғанда су құлатып кеткені белгісіз. Әйтеуір сол ағашқа оралып ұзындығы бір-екі таяқ үлкен буындырғыш жылан келген. Өзі ұрғашы жылан екен. Ағаш аралға келіп тоқтағанда жылан жазылып жерге түскен. Маңында қоралы қой жайылып жатыр  екен. Аш жылан қойдан адасып қалған бір саулықты ұстап алып, буындырып өлтіріп, жұтып қойған. Халқы қой жоғала бергенін сезген. Ақырында жыланды көріп өлтірген. Жыланды өлтірмеген болса, аралда біраздан соң қорқынышты жыландар көбейер еді. Суық жақта, мұз теңізінде үлкен мұздарға мініп, ақ аюлар жолаушылап, жүз мың шақырым жерлерге кетеді. Ыссы жақтарда ағашқа мініп жандықтар жүзіп жүреді. Қатты желдер соңынан теңіздерде ағаштар қалқып жүреді. Кемешілер айтады: ағаштар теңізде көп жүзеді, ағысы бұларды жиектен әрі алып кете береді. Ағаштарда кесірткелер, жыландар, қоңыздар басқа түрлі жандықтар отырады деп. Оңтүстік Америкеге жүзген ағаштар сонша көп келеді, алыстан арал жүзіп келе жатқан сықылды көрінеді. Сондай ұзындығы елу шақырым, ені жүз таяқ арал бір үлкен өзеннің сағасына тоқтап, қырық жыл тұрған. Үстіне құм түсіп, шөп, ағаш шығып жер болып кеткен. Құстар ұя салып, аңдар ін қазып тұра берген. Әрине, бұлар әр жақтан тек қалай болса солай жиналған жандықтар. Бір жылы қатты дауыл тұрып, әлгі аралдың тасталқанын шығарған. Сынықтарын теңізге айдап алып кеткен. Жолаушылар айтады: «Сол аралдың үстінде ағып бара жатқан түрлі жандықтарды көрдік. Бір жерде айст (көкқұтан сықылды құс) отыр, оған жуық бір топ маймыл тұр… Екінші бір жүзіп келе жатқан аралда жабайы үйректер мен бір топ тиін отыр. Бұлардың соңынан жүзіп келе жатқан бір үлкен ағаштың үстінде үлкен «кро-кодил» (өте үлкен зиянды, тісті кесіртке) жатыр. Қасында үлкен жолбарыс пен мысық тұр, бір-біріне екеуі сеніспеген жаулық көздерімен қарасып қояды» деп. Бір жылы Америкенің «Мантевидео» деген қаласының жанына түнде әлгідей жүзген аралмен келіп Америкенің төрт жолбарысы (бума) түсіпті. Ертең ел тұрса, төрт жолбарыс көшеде зең салып, тайрақтап жүр дейді. Жұрт шо-шып кеткен. Жандықтардың жер жүзіне таралуына су осылай жәрдем береді. Жер жүзіне таралуға бір түрлі жандық екінші түрлі жандыққа қолғабысын тигізеді. Құстың арқасында балықсыз көлдерге балық келеді. Жабайы қаздар, үйректер, басқа құстар жазғытұры я күзді күні қайтқанында балықтың уылдырығын жейді. Құстың тезегінің ішінде уылдырық болады. Бәрінен тамашасы сол кейде уылдырықтардың тірісі де болады. Құстың тезегі суға түседі. Суда тірі уылдырықтан балық шығады. Балық өседі, көбейеді, көлді қоныс қылады. Сонымен таудың биік басындағы көлдерде де балық тап болады. Кейде өзен жағасына шомылатын балықшы құстардың қанатына уылдырық жабысады. Құс қанатымен жабысқан уылдырықты өзеннен көлге, я бір өзеннен екінші өзенге алып кетеді. Қоңыздар да уылдырықты алып кетеді, үйткені кіл суда тұрып, түнге қарай биікке шығатын қоңыздар бар. Кейде сол қоңыздар көлден-көлге я өзеннен-өзенге ұшып кетеді. Бұлар кейде уақ уылдырықтарды өте алысқа алып барады. Құстар қоңызды да, түрлі құрт, құмырсқаларды да, басқа жандықтарды да жабыстырып алып кетеді. Ыссы жақтарда, жаңбырлы уақытта, ойпаң жерлерде көп уақыт қақ тұрады. Біраздан соң қақ кеуіп кетеді. Сол қақтарда балық болады. Балықтың аты балық, сусыз тұра алмайды. Бұл қақтарға балықты кім әкеп жібереді? Әрине, сол құстар мен қоңыздар әкеп жібереді. Қақ кепкен соң, балықтар қырылып қалады. Келесі жылы жаңбыр көп жауып қақ тұрса, тағы балық болады. Міне, сонымен жер жүзіне түрлі жандықтар тарайды. Дүниедегі тұрмыс, біріне-бірі ілініп, бірімен бірі байланысулы, өмірдің дөңгелегі солай айналып тұрады.

Н.Кукиннен

Тәржіме: А.Байтұрсын

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *