ЖАНДЫҚТАР

Дүниедегі жандықтардың бәрі тапқа бөлінеді: хайуан, құс, балық, бақа-шаян, құрт-құмырсқа. Хайуандар баласын тірі тауып, сүтімен асырайды. Мәселен, мал мен аңдар сияқтылар. Құстар баласын тірі де таппайды, сүтімен де асырамайды. Олар жұмыртқа салады, жұмыртқадан басып балапан шығарады. Балықтар баласын тірі таппайды да, жұмыртқа салып баспайды да, тек уылдырық шашады, судан тысқары жерде тұра алмайды. Бақа-шаяндар суда да тұра алады, құрда да тұра алады, құсша жүмыртқа салатындары да болады, балықша уылдырық шашатындары да болады, құрт-құмырсқа дегеніміз – ұсақ мақлұқтар, олардың белгісі сол – бәрі сүйексіз болады, мәселен: көбелек, құрт, қоңыз сияқтылар.Осы айтылған мақлұқтардың адамға пайдалысы да, зияндысы да бар. Пайдалыларының бірсыпырасын адам ұстап, қолға үйреткен. Көбі үйір болмай, тағы күйінде қалған. Мақлұқтардың түрі көп. Оның бәрін білу қиын жұмыс. Адамға артықша пайда-лысы қандай, зияндысы қандай? Солардың әр түрінен болмаса да, кей түрінен бірен-саран белгілерін танып қою тиіс. Пайда, зиянын анық біліп отырып, пай-далысын пайдаға асыруға тырысамыз, зияндысының зиянынан қашамыз.Біздің бағып отырған төрт түлік малымыз бар. Солардың әйтеуір пайдалы екенін білеміз, бірақ қандай пайдасы барын түгел білмейміз. Сондықтан малдың пайдалы жағының көбі пайдаға аспай, далада қалады. Мақлұқтардың ішінде шөп қоректісі де, ет қоректісі де, ет, шөп қоректісі де бар. Шөп қоректілері жердің түгін тамақ қылады, мәселен: түйе, жылқы, киік сықылдылар. Ет қоректілер мақлұқтардың етін тамақ қылады. Мәселен, қасқыр, түлкі сияқтылар. Ет, шөп қоректілер жердің түгін, мақлұқтардың етін, екеуін де тамақ қылады, мәселен доңыз. Қандай шөп қоректілерді білесіңдер? Қандай ет қоректілерді білесіңдер?Қандай ет-шөп қоректілерді білесіңдер?

Ахмет Байтұрсынұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *