ЕШКІ

Ешкі қойға жақын мал. Қойдан ашаң, сақалы, мүйізі болады. Мүйіз қойдың еркегінде ғана, онда да бәрінде емес, кейбіреулерін-де ғана болады. Ешкінің мүйізсізі сирек болады (тоқал ешкі).«Есі кеткен ешкі жияды» деп қазақ дұрыс айтқан. Ешкі уақ малдың сүттісі. Екі ешкі сүті бір сиырдікіне жете қаба болады. Ашаршылықта, сасқанда, есі кеткенде ешкі қол береді, тамағыңды асырайды. Соның үшін ешкіні «іші толған лақ болар, бұты толған бұлақ болар», – дейді. Ешкінің әсіресе пайдалы тұқымдары – анғар (ангор), кәшмер (кашмир), мамбир деген тұқымдар. Біздің қазақ ешкісі мамбир тұқымынан. Анғар ешкісінің жүні ұзын, жібектей майда, азырақ бұйралау болады. Кәшмер ешкісінің қылшығы ұзын, түбіті қысқа, бірақ түбіті өте жақсы болады. Мамбир тұқымының жүні де кәшмер жүніне ұқсайды, бірақ онан гөрі төменірек болады. Ешкінің қай тұқымы да болса пайдалы. Еті қой етінен төмен болғанымен жеуге жарайды. Ешкінің еті мен майы салқында тез тоңазиды. Сүтінен ірімшік, құрт, май алынады. Майы шам за-уыттарында ұсталады. Жүнінің түбітінен қымбат бөкебай, шәлі, қолғап сияқты нәрселер тоқылады. Терісінен жақсы жарғақтар, былғарылар, местер істеледі. Мүйізі мен тұяқтары қойдікіндей түрлі нәрселерге ұсталады.Ешкі басқа малдан өсімтал келеді. Көбінесе егіздетіп, кей-де үштеп, төрттеп те табады. Ешкі сүтті және сүті жақсы болғандықтан сауын үшін ұстауға қолайлы мал. Ешкінің ерке-гі көсем келеді. Қоралы қойды серке бастайды. Ешкінің қолға үйренбеген тұқымдары толып жатыр. Олар тауда жүреді, тау ешкі деп аталады. Ешкінің жүкке ойнақтап, жарда секіретіндері бұрынғы аталарының тауда өсіп, тауға секіретін әдетінің қанда қалғаны.

Ахмет Байтұрсынұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *