БАТЫРДЫҢ ЖАУҒА ШЫҚҚАНДА ҮЙІМЕН ҚОШТАСҚАНЫ

Қобыланды сынды батырың
Тайбурыл атқа мінеді,
Ақ сауытын киеді,
Қараспан тауын бөктерлеп,
Батыр Қобылан жөнеді.
Тоқсандағы Тоқтарбай,
Алпыстағы Аналық,
Қарындасы, қыз Құртқа,
Төртеуі қалмай соңынан,
Кесіп кет деп қолыңнан,
Қобыландының ізінен
Бұлар да еріп келеді.
Түстік жерге келгенде,
Қарлығаш тұрып сөйледі:
– Көңілің сүйсе қалмайсың,
Жұрт ойлаған талапқа.
Сыбанып білек бір алды,
Балдағы алтын болатқа.
Ақ сұңқар сеніп ұшады
Құйрығы менен қанатқа.
Жалғыз ағам, жан көкем,
Белін буды талапқа.
Сайға біткен қоқтымын,
Бөрік ішінде шоқтымын.
Осы кеткен сапардан,
Жан көкем есен келгенше,
Елі, жұртын көргенше,
Айтып кеткен Құдайға,
Қоңыр шұнақ тоқтымын.
Басымда бар-ды алтын шоқ,
Жан көкем барда көңілім тоқ.
Көкежан, сені көрмесем,
Басымнан кетер дүние бақ.
Сізге деген Құдайдың
Маған тисін ажал оқ.
Бірге туып, бірге өскен,
Кіндігімді бір кескен,
Қарғаның жүні қаттасым,
Үйректің жүні еттесім,
Бірге туған тектесім,
Қысылған жерде түптесім,
Желі толған түйең бар,
Оны кімге тапсырдың?
Тоғай толған жылқың бар,
Мұны кімге тапсырдың?
Тоқсандағы атаң Тоқтарбай,
Жан көке, кімге тапсырдың?
Алпыстағы анаң Аналық,
Ау көке, кімге тапсырдың?
Өзіңмен бірге туысқан,
Бірге туып, бірге өскен,
Кіндігімді бір кескен,
Көкежан деп жылаған,
Мен сорын кімге тапсырдың?
Бұл дүниеде мұңдасың,
Төсекте жатса сырласың,
Ол дүниеде жолдасың,
Көкелеген қыз Құртқаны,
Құдай қосқан жолдасың,
Мұны кімге тапсырдың?
Қобыланды сонда тарықты:
Есіркеп көп бір халықты,
Қарлығаш дауысы шыққан соң,
Қобыландыдай бөріңіз,
Ақ найзаға сүйеніп,
Өксіп, жылап қамықты.
Көзден аққан қара жас,
Қаны, жасы аралас,
Қарлығашқа көрсетпей,
Қобыланды сүртті жеңіне.
Қобыланды сонда сөйлейді:
– Тауда болар тарғыл тас,
Тарықса шығар көзден жас,
Тар қолтықтан оқ тисе,
Сүйеп шығар қарындас.
Қарындасың болмаса,
Жауда қалар қайран бас.
Арқаңды жапқан қолаң шаш,
Қарағым, сөзге құлақ ас.
Мен кешігіп, келмесем,
Сіздерде бол тілектес,
Қараспан тауын жайлаған
Қалың қыпшақ қарындас.
Қаралы жан, мен айналсам,
Ағызба қалқам, көзден жас!
Жас шығарма көзіңнен,
Сай сүйегім сырқырар
Жан көке деген сөзіңнен.
Атадан тақ баламын,
Жауға аттанып барамын,
Жасым үлкен ағамын,
Әлдеқандай боламын,
Армансыз болып кетейін,
Әйел де болсаң бір тудың
Нашар деп сені нетейін.
Қаралы жан, бұршы мойныңды
Бетіңнен сүйіп кетейін.
Қарындасым, қаралы жан,
Желі толған түйеңді,
Сары суға тапсырдым.
Тоғай толған жылқыңды.
Жасанған жауға тапсырдым.
Қора толған қойыңды,
Аш бөріге тапсырдым.
Азу тісі балғадай
Жас бөріге тапсырдым.
Тоқсандағы атаң Тоқтарбай,
Құдіретіңе тапсырдым.
Алпыстағы анаң Аналық,
Бибатбаға тапсырдым.
Қарындасым, Қарлығаш,
Қарашашқа тапсырдым.
Жар қосағым, қыз Құртқа,
Палуан қызға тапсырдым.
Сендер – төртеу, мен – жалғыз,
Орман ағаш ортаңда,
Мен сорды кімге тапсырдың?
Қарлығаш сонда сөйлейді:
– Көп қайратың тиеді
Жаныңда қоңсы – сыбайға.
Көз салмадың, жан көке,
Бірге туған жұбайға.
Адалдан жиған малыңды,
Залымдарға тапсырып,
Осының, көке, ұнай ма?
Көкем есен келгенше,
Қалқамбысың дегенше,
Елі, жұртын көргенше,
Шыбыныңды тапсырдым,
Бір жасаған Құдайға.
Құртқа сонда сөйлейді:
– Жүрдіңіз бе, серт кесіп,
Русыз менің күмісім,
Ойыным менен күлісім.
Сұлтаным сізге бас қосып
Кеңейіп еді өрісім.
Арыстаным, аман бол!
Осы кеткен сапардан,
Қиын болар келісің!
Тоқтамасқа меңзеймін,
Жалғызымның шамасын.
Кетер болсаң, сұлтаным,
Енекемнің еміп кет,
Төсіндегі екі мамасын!
Тіл білмеген дұшпанға,
Сұлтаным, жалғыз барасың!
Қош сұлтаным, аман бол,
Әлдекандай боласың!
Тоқсандағы атаң Тоқтарбай,
Бұтында жоқ ыстаны,
Тізесіне тон жетпей,
Ақ табан боп кәпірге,
Қой баққанда келерсің!
Алпыстағы анаң Аналық,
Арқан есіп, жүн түтіп,
Қайғыменен қан жұтып,
Құрт қайнатып жүргенде,
Сұлтаным, сонда келерсің!
Қарындасың Қарлығаш,
Бөтен жаудың елінде,
Қызыл бастың шенінде,
Шәй қайнатып жүргенде,
Сұлтаным, сонда келерсің!
Көп кәпірдің мықтысы,
Күзгі жердің шықтысы,
Сенен қалған мен сорды
Бір дұшпанның мықтысы,
Аламын деп тұрғанда,
Қараңғы үйге салғанда,
Көңілге қайғы толғанда,
Сұлтаным, сонда келерсің!
Бұл дүниеде көрмесең,
Құртқамбысың демесең,
Қазаң жетіп бұл жолдан,
Арыстаным, жөнелсең,
Жұбайым барды дегейсің!
Аналық сонда толғайды:
– Бір жылқыдан кем шаппас,
Келінжан баққан бурыл ат.
Денеге мылтық тигізбес,
Үстіңе киген алаңқат,
Қынаптары сары алтын,
Ұстаған жері сап алтын,
Балдағы алтын шар болат,
Шырағымның шыбын жан –
Бәріңе бірдей аманат!
Қалғып кетсе қағып жүр,
Адасып кетсе бағып жүр.
Көл иесі Қамбар ай,
Шөл иесі Қамбар ай,
Қамбар өзің қолдасаң,
Қолдамайтын кім бар, ай?!
 
Ахмет Байтұрсынұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *