АҢШЫ ҚҰСТАР

Аңшылық құстары деп аң аулауға ұстайтын құстар айтылады. Мәселен: бүркіт, қаршыға, сұңқар, лашын, тұйғын, тұрымтай, қырғи, ителгі. Бұл құстарды аңшылар аңға салу үшін әуелі баулиды, қолға үйір етеді. Құс баулу өз алдына бір өнер: кім болса сол үйрете алмайды. Құс үйретіп, әбден әдісін білген адамдар ғана құсты баули алады. Құс баулудың қысқаша айтылғанда жөн жоспары мынау: құсты ұстағаннан кейін аяқбаулап, қолға қондырып, үсті-басын сипап-сипап қояды. Құс басында сипауға келе жатқан қолдан үрке қараса да, біраздан соң үйір болады. Сипауға үйір қылып жүргенде, жемді де қолға қондырып отырып береді. Құс қолдан жеуге үйренеді. Сонан соң аяқбауын ұзын тағып, тұғырына қондырып қойып, алысырақ отырып, жемге шақырады. Қолдан жем жеп үйреніп қалған құс, қолдағы жемді көрген соң, тұғырынан ұшып барып, қолға қонады. Сүйте-сүйте жүріп, алыстан жемге шақырса да ке-летін болады. Онан әрі шақырған дауысқа үйреніп, жем көрмесе де дауысқа келетін болады. Шақырған дауысқа келетін болған соң, қашып кетер деген қорқыныш жоғалады. Аңға, құсқа салуға болады. Жоғарыда айтылған аңшылық құстарының арасында үлкені де кішісі де бар. Асылы да, жасығы да бар. Асылдары алғыр келеді. Бүркіттердің қасқыр алатындары да болады. Сұңқар, лашын, тұйғын, қаршығалардың алғырлары қаз, үйрек, дуадақ, құр сияқты құстарды алады. Ителгі, қырғи, тұрымтай ұсақ құстарды ғана алады. Аңшылық құстар арам құстардың табына жатады. Ба-лалары жұмыртқадан нашар, жалаңаш шығады. Көпке дейін ата-анасының қолына қарайды.Аңшылық құстардың көзі қырағы, тұмсығы, тырнақтары өткір келеді. Аңшылық құстарымен рулас құстар: ақ иық, арлан, күші-ген, қарақұс, бөктергі, құладын, күйкентай, үкі, жапалақ, байғыз. Соңғы үшеуі түнде тамақ аулауға шығатын болғандықтан, түн құсы деп аталады.

Ахмет Байтұрсынұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *