АТТЫҢ СЫНЫ

 
Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.
Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,
Ой желке, үңірейген болса сағақ.
Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті,
Қабырғалы, жоталы болса күшті.
Ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы,
Тояттаған бүркіттей салық төсті.
Жуан, тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ,
Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ.
Жер соғарлы, сіңірі, аяғы тік,
Жауырыны етсіз, жалпақ, тақтайдай ақ.
Кең сауырлы, тар мықын, қалбағайлы,
Алды, арты бірдей келген, ерге жайлы.
Келте құйрық, қыл түбі әлді келіп,
Көтендігі шығыңқы, ала майлы.
Ұршығы төмен біткен, шақпақ етті,
Өзі санды, дөңгелек келсе көтті.
Сырты қысқа, бауыры жазық келіп,
Арты талтақ, ұмасы үлпершекті.
Шідерлігі жуандау, бота тірсек
Бейне жел тынышты, екпінді мініп жүрсек.
Екі көзін төңкеріп, қабырғалап,
Белдеуде тыныш тұрсын байлап көрсең.
Тығылмай әм сүрінбей жүрдек, көсем,
Иек қағып, елеріп, жүрсе әсем,
Шапса жүйрік, мінсе – берік, жуан, жуас,
Ыразы емен осындай ат мінбесем.
Аяңы тымақты алшы кигізгендей,
Кісіні бұлбыл қағып жүргізгендей,
Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс,
Ыза қылдың қолыма бір тигізбей! …
 
Абай.
 
 
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *