АЛТАЙ

 
Айбатты Алтай тауы бұлттан асқан!
Басың қар, қысы-жазы қырау басқан.
Айдынды Азияның қарауылы –
Шудалы ақбас бура көбік шашқан.
Өр Алтай ызбарланған көкке тиіп,
Өр кеуде, ақ мамықтай төсің биік!
Үймелеп көктен бұлттар қоршап төніп,
Аймалап, ақ төсіңді құшқан сүйіп.
Басыңнан суы мұздай мөлдір бұлақ
Гүрілдеп көбік шашып, төмен құлап.
Мың түрлі әнге қосқан сарындарын,
Көш жерден құрыш қанып естір құлақ.
Басыңа жан шықпаған шың-құз, қия!
Жалғыз-ақ қара бүркіт салған ұя.
Төсіңде жұмсақ сая салқын иісті
Көк шалғын, түрлі шешек, ескен мия.
Бауырыңда ақ бөкеннің ылағы ойнап,
Сағымдай, сумаңдаған салып ойнақ.
Уа, шіркін! Шың, құзыңа келіп шығып
Отырсаң қызыл жібек әлем байлап!….
Бүркіттей отырсам мен келіп қонып,
Айнала дүниені көздеп шолып.
Саңқылдап Азияға салсаң ұран,
Жиналса, қызыл ерлер лек-лек болып.
Төмен тап Еуропада майдан ашса,
Серт қылып белін байлап, туын жазса.
Алтайдан жәрдем күтіп, жаудан қайтпай,
Не өлмек, не жеңбек боп ұрандасса.
Алысқан бауырларға көзді салсақ,
Ерлерін Азияның жинап алсак,
Жаңғыртып жер дүниені, жау қайдалап,
Лек-лек боп зор майданға біз де барсақ.
Қара жер қайыстырып қанат жазсақ,
Алтайдан Еуропаға қаптап ассақ.
Борсықтай қанға семіз мырзалардың,
Құтырған семіздіктен жынын бассақ.
Жауды езіп, Еуропадан өтсек аттап,
Дүниені ұрандатып алсақ қаптап.
Орнатып жер дүниеге тегіс теңдік,
Жоқ қылсақ, жуандарды езіп таптап.
…Өр Алтай, ақбас бура көбік шашқан,
Төмен тап жер күңірентіп майдан ашқан.
Алтайдан жәрдем күтсе кайтер едің,
Бәйгіге басын тігіп, ұрандасқан?
 
Сәкен Сейфуллин

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *