Базар күн. Сауда қызу. Базар толық. Ерсілі-қарсылы жүріп, тұрақтамай, суша ағып жатқан халық. Жақып бүгін кешегідей жан-жағына алақтап қарай беруді қойды. Бәйбішенің берген он тиын ақшасын алақанына мықтап қысып алып, құс сататын жерге қарай жүгіре берді. Уақ құстарды сатып тұрған бір шалды алыс-тан көзі шалып, бала соған қарай жөнелді. Шалдың жанына жетіп келіп, бала кеше көріп кеткен шыбжығын іздей бастады. Кешегі түрінде көзі тұнжырап отырған шыбжыққа баланың көзі түсті.
– Атеке, а, атеке, мына құсқа не сұрайсың? – деді бала шалдың жеңін сілкіп.
– Қай құс? Құстар қымбат, сенің қалтаң жетпейді, – деді маңдайын кіржитіп шал.
– Мына көк шыбжық.– Шыбжық?
Шал көк шыбжыққа жаратпаған көзімен қарап, торды ала бастады. Е, сол, сол, – деп бала айқайлап жіберді. Бұл құс арзан. Сенен көп сұрамаймын. Жиырма тиын берсең болар.
– Атеке, менің ақшам жиырма тиынға толмайды.
– Толмаса, бас қатырмай жөніңе тарт!
– Атеке, мен ол құсты қоя берейін деп едім.
– Қоя берейін деп едім! Қарай гөр! Қоя бергің келсе, он бес тиын бере ғой. Құс жақсы, ойынпаз-ақ! – деді, торды сілке түсіп шал.
– Болғаны, он тиыным бар, атеке, – деді жыламсырағандай болып Жақып.
– Он тиын да ақша ма! Амал жоқ! Құсты ала ғой! Шал торды алып Жақыптың дірілдеген қолына ұстатқанда, қуанғанынан баланың жүрегі аттай тулады. Құс тым кішкене, өте жүдеу. Жақып бір жерін езіп жібермесе игі едім деп қорықты. Біразырақ аттап барып, ұшып кетсін деп Жақып құсты алақанына қондырды. Ойлаған жерден шықпады, құстың ұшып кетуге ойы да болған жоқ, баланың қолында жайғасып, жылынып отыра берді. Бала: «пыш-пыш» деп еді, құс басын бұрып бір қарады да отыра берді. Енді не қылу керек? Бір қолымен құсын қысып, бала бәйбішенің жіберген жұмысына қарай жүрді. Бейшара, тоңып қалған ғой, жылынған соң ұшар, деді бала. Біраз жер жүріп, бала азғана ағаштың ішіндегі көгалға келіп, демалуға отырды. Маңайда тірі жан жоқ, анадай жерде қылтыңдап өтіп бара жатқан жүргіншілер қарауытады, күн жылмиып, баланың арқасын қыздырып тұр. Бала үйін есіне түсірді: еркінде ойнап жүрген шағын сағынды! Жер жыртып, мал қуалап жүрген кезі көзіне елестеді. Аспанда шырылдаған бір құстың дауысы естілді: баланың алақанындағы шыбжық азырақ қозғалып қойды. «Енді ұшырып жіберсе болар», – деді бала.Көк шыбжық таңданып, жан-жағына елеуреп қарап, көктегі құсқа жауап қайырғандай болып шыр ете қалды. Сонан соң шыбжық басын көтеріп, қанатын қағып, сілкініп, кенеттен баланың қолынан ұшып барып жанындағы бұтаққа қонды. Бала басын көтерді. Кірпігін қақпастан құстың артынан қарай берді, бұтақтан бұтақка ырғып мініп, құс жоғарылап көтеріле берді, баланың ерік алып бергеніне Тәңір жарылқасын айтқандай шырылдап, дауысы күшейе берді, күн сәулесі қалың жапырақты кесіп өтіп тұр. Жылы жел соғып кетіп, баланың бетіне тиіп, ағаштың
жапырағын желпілдетті. Көк шыбжық ағаштың ең төбесіне жетіп, құрттай қанатын сабалап, көкке көрінер көрінбес, бұлдырап бара жатқаны баланың көзіне шалынды. Жақып әрі қуанып, әрі көңілі ауырып, құстың артынан қара-ды. Еркіне кетті, еркіне, – деп Жақып ернін күбірлетті. Маңайдың бәрі: Еркіне, еркіне! – деген асыл сөзді сыбырлағандай болды. Бұтақтар да өзара сыбырласты. Қыстың қамытынан құтылып, еркіне шығып өсіп келе жатқан жас шөп те сыбырлады, құстар да соның жайынан шырылдап ұшып жүр. Қараған кісіге бірін-бірі қуып озып бара жатқан көктегі кірбің бұлттар да сыбырлады, – бәрінің айтқаны ерік! ерік! болды. Маңайдың бәрі де:– Ер біздің соңымыздан, шық еркіңе! деп сыбырлады.
К.Баранцевич
Тәржімелеген Ахмет Байтұрсынұлы