Орманды аралап, жеміс шөптің тамырын, аң іздеп төрт-бес аңшы жабайы – алғашқы адамдар келеді. Ауа ашық, күн тынық, жып-жылы. Бір кезде қара бұлт көтеріліп шығып, дауыл тұрып, күн күркіреп, найзағай ойнай бастады. Күн жауды. Жалаңаш адам-дар бір үлкен ағаштың жапырағының астына барып қорғалады. Күн құлақты жарғандай шарт ете қалып, анадай жерге бір ескі қу ағаштың үстіне жай түсті. Ағаш бытырлап жана бастады. Жел көтеріп, жалынын маңындағы ағаштарға лақтырып тастады. Үлкен өрт басталды. Аңдар ағаштан сыртқа қаша бастады. Құстар қапалақтап, шулап жоғары көтеріліп ұша бастады. Орман іші құстың шуылдағаны, аңның ұлығаны, маймылдың жылағанымен у-шу болды. Жалаңаш адамдарға да қорқу кірді. Оттан аулаққа қашып жөнелді.Бір күні жабайылар үлкен бір аңды ұстап алып, алаңда бөліп жеп жатқанында, дауыл тұрып кетіп найзағай ойнап, шарт етіп, қашығырақ жерге жай түсті. Жер өртене бастады. Түтін ұлғайды, жалын күшейді, алыста болса да қызудың лебі алып барады. Сыбағаларын қолтықтап, жалаңаш адамдар тағы аулаққа қаша бастады. Мұның бәрі ұмытылып кетті. Бір күні ағаш жағалап әлгі жабайылар жай түсіп өртеп кеткен күйіктің үстінен шықты. Дағдарысты. Қашуға ойланды. Сол кезде күйік ортасында өліп жатқан бір аңға көзі түсті. Барып алуға қорқысты, алмайын десе тамақ керек. Біраз одырайып тұрысты. Ішінен естірек біре-уі суырылып шықты. Күйіктің үстін басып, күйіп қалған аңға қарай жүрді. Ол аман-сау жеткен кезде, басқалары да алдыңғы жолдасының соңынан баруға ойланды. Аңды сойып, бөлісуге айналды. Етін жеп қараса, тіске жүмсақ, тілге дәмді, шикі еттен артық. Тойып алып аңшылар тағы ілгері күйіктің үстінен басып жүре берді. Әр жерден еңкейіп жеміс теріп алады. Жеміс өртпен пісіп қалған. Дәмі ауызды үйіріп барады. Әр жерде күл астында қызарып күйген ағаштан қалған шоқ жатыр, онымен адамдардың ісі жоқ. Айлар, жылдар өтті. Жалаңаш адамдар талай рет өртенген жерде пісіп қалған тәтті жемісті, аңды алып жеді. Күл астында жатқан шоқты көрді. Тоңып келе жатқанда қасынан өтсе жылы лебі келеді. Адамға бірақ тимейді. Зияны жоқ. Жылуы сүйкімді. Пісіріп тастаған жемістері мен аңдарының еті дәмді. Шоқпен әлгі жабайылардың ісі жоқ.Бір күні сондай жаңа өртенген жердің үстіне шықты. Күн суық. Жалаңаш адамдар тоңайын деді. Сонда тұрып ішінде ақсақалдау біреуі шөпшек жинап алып, сөнбей бықсып жатқан шаланың үстіне салып еді, от жанды. Жалаңаштар жылынып, мәз болды, күлісті, рахаттанды, секірісті, қуанады.Жылынып болған соң, жалаңаштар бір шала жанған келдек-ті сөндірмей, үйдегі қатын, балаларына ала қайтты. Жолда келе жатып, бұлар бір борсық соғып алды. Бүгін бұлардың дүниеге жаңадан жаратылған сықылды бақытты күн болды. Үйіне от ала қайтты, тамақ та тауып қайтты. Келсе, қатын, балалары үңгірде суыққа тоңып, бүрісіп, жаурап, аңшылар қашан келер екен деп күтіп отыр.Алыстан жақындағаннан-ақ, аңшылар шат болып қайтқанын білдіріп, секіріп, дауыстап, қуаныш белгісін білдіре бастады. Уақ балалары жүгіріп алдынан шықты. Қатындары да қарсы шықты.Оттан қатын, бала әуелі қорқайын деді. Үлкендер айтып түсіндірген соң, бұлар да қуанысып, секіріп, күліп, мәз-майрам болды. Бұларға еркек те қосылып, қайтадан қуанысты. Бірінен соң бірі жаңа туған баладай қолына алып көтеріп қарап, қуанумен отты үйлеріне алып келісті. Қатындар жүгіріп жүріп шөпшек тер-ді. Алып келіп от тұтандырып жағып, жылынып, масайрасты. Етке тойып, отқа жылынып, түнімен адамдар ойнап-күліп, той қылып шықты. Жатарда отты күлге көміп бастырып қойып, ертең тұра тағы жақты. Жалаңаштар отқа қожа болды.Отты сөндірмейді, көміп қояды, сөніп қалса қайта тұтандыра алмаймыз деп қорқып, күндіз ересектері аңға, жеміс тере кет-кенде, балаға отты күзеттіріп кетеді. Әрі-беріден соң жабайылар отқа тамақ пісіріп жейтін болды. Күндіз адамды жейтін зиянды аң көрсе, отты түнімен жағып қояды. Оттан аңның қашқандарын талай көргендері бар. Бұрын аң таусылса да, жылы жерде тұратын суық жерге тоңамыз деп қорқып, іздеп бармайтын жабайылар, жылынатын оты болған соң, аңның соңымен салқын жаққа да көшіп кететін болды.Адамның оттан көрмеген игілігі болмады. Аспаннан түскен отты адам сақтауға үйренді, бірақ сөніп қалса, әлі жаға алмайды.
Ахмет Байтұрсынұлы