Бұлаққа су ішуге келді Қозы,
Жанында серігі жоқ, жалғыз өзі.
«Бөрі жоқ десең, шығар, бөрік астынан»,
Бәле мен қаза алыс па, келсе кезі.
Қаңғырған тамақ іздеп бір аш бөрі
Қозыға жетіп келді жайнап көзі.
Жемекке кінә қойып сол арада,
Жала ғып, міне, Қасқыр айтқан сөзі:
«Сен, Қозы, текке қарап жүре алмайсың,
«Соқтықпа, маған!», – десем, тіл алмайсың.
Мойныңды қазір жұлып алайын ба?!
Суымды неге былғап, лайлайсың?»
Қозы айтты: «Қасқыр, тақсыр, тоқта азырақ!
Тергеңіз, кінәм болса әділ бірақ.
Ізіңіз жатқан жерден төмен келіп,
Іштім мен жүз қадамдай қашығырақ.
Бұл жерден ең аз болса бір жүз қадам,
Мүмкін бе, ылайлауға осы арадан?!
Сіз түгіл, өзгеге жоқ қиянатым,
Не шара, жеткен болса бүгін қазам?!»
«Бекер ме, – Қасқыр айтты, – менің сөзім?
Білесің жалғаншы деп кімді өзің?
Әкеңді алдыңдағы танимысың?
Балам, сен байқап қара, ашып көзің!
Осындай сөздер мені күйдіреді,
Десем де шыдайын-ақ етіп төзім.
Есімнен өле-өлгенше кете қалмас
Былтырғы осы арада сөккен сөзің».
«Кезек бер, біразырақ сөзге, тақсыр!
Келемін жарты жасқа күзде, тақсыр!
Жаралып дүниеге биыл келсем,
Тиемін былтыр неғып, сізге, тақсыр?!»
«Ол әне, сен болмасаң, сенің ағаң,
Ойларың мені жоймақ, келсе шамаң.
Ит болсын, қойшың болсын, қожаң болсын,
Жауыздық ойлайсыңдар бәрің маған».
«Нансаңыз, ағам да жоқ, інім де жоқ,
Уа, ғайыры нашарлықтан мінім де жоқ.
Нақақтан мені, тақсыр, күйдіресіз,
Жауыздық сізге ойлаған күнім де жоқ!».
«Ол саған әлде күйеу, әлде құда,
Сүймейді қой атаулы мені жүдә.
Я бөлең, я жиенің, я нағашың,
Әйтеуір, саған ұқсас еді о да.
Қой заты талай зәбір берді маған,
Соларын мен де істеймін енді саған.
Кегімді қойдан алмай, кімнен алам?
Тауыспа, о деп, бұ деп сөзді оған».
«Тақсыр-ай! Еш жазығым жоқ қой менің,
Зәбір ғой біреу үшін күйдіргенің!»
«Үндеме! Жетер! Қазір уақытым жоқ,
Тұруға ақ-қараңды тергеп сенің.
Алыпсың жаман әдет қарсыласып,
Сенімен тұрам ба мен мылжыңдасып.
Айтайын, білгің келсе, Қозым, саған:
Кінәң сол: жегім кеп тұр қарным ашып».
Шошиды Қозы байғұс құлқын танып,
Құтылар, білгенменен, онан неғып?!
Болсын ба, Қозы жұмыс Қасекеңе,
Жөнелді иығына салып алып.
Орманға Қасқыр кетті Қозыны алып,
Белгілі етер ісі алып барып.
Осындай жазықсызды жазғыратын
Һәр жерде күштілерде бар ғой қалып.
Қасқырдың зорлық болды еткен ісі,
Ойлаймын, оны мақтар шықпас кісі.
Нашарды талай адам талап жеп жүр,
Бөріден артың дейміз оның несі?!
Ахмет Байтұрсынұлы