Бір түйір ірімшікті тауып алып,
Ағашқа Қарға қонды ұшып барып.
Тоқ санап ірімшікті көңіліне,
Жей қоймай отыр еді ойға қалып.
Қашаннан белгілі аңқау ала Қарға,
Нәсіпке бұйырмаған шара бар ма?!
Шығатын шығасыға болып себеп,
Ағашты Түлкі залым аралар ма!
Тістеген ірімшігін Түлкі көріп,
Аяғын ептеп басып жақын келіп:
«Уһ!– деді, – Көретін де күн бар екен,
Жүруші ем сырттан асық болып өліп!
Тамаша қарағанға түрің қандай!
Мынау көз, мынау мойын, мұрын қандай!
Гауһардай қанаттарың жарқырайды,
Келісті қалай біткен және маңдай!
Көркемдік сипатыңнан табылғанда,
Дауысың да болса керек шырын-балдай.
Көптен-ақ дабысыңды естісем де,
Болған соң келе алмадым жерім шалғай.
Сені іздеп келіп тұрмын алыс жерден,
Сұлу деп мақтаған соң әркім көрген,
«Халық айтса, қалып айтпайды» деген рас,
Арман жоқ жанда сені көріп өлген!
Көркіңді бітіре алман жазып хатқа,
Я сөйлеп, жеткізе алман айтып жатқа.
Мен қайран, неғып патша қоймаған деп,
Дауысың да сипатыңдай болған шақта!
Нұрыңды күн секілді көріп тұрмын,
Шыдамай бойым балқып, еріп тұрмын.
Дауысыңды тым болмаса бір шығаршы,
Естуге құмар болып өліп тұрмын!»
Мәз болып, мақтағанға насаттанып,
Қайтпасын, деп ойлады сағы сынып.
Алыстан арып-ашып іздеп келген
Байғұстың кетсін деді көңілі тынып.
Өтірік мақтағанға Қарға еріп,
«Қарқ!» етті пәрменінше жағын керіп.
Ірімшік қарқ еткенде жерге түсіп,
Жеп алып Түлкі кетті жортып-желіп.
Жұрт едік аңқау өскен қазақ болып,
Далада кең сахара көшіп-қонып.
Алдаған залымдардың тіліне еріп,
Жүрмесек жарар еді мазақ болып.
Ахмет Байтұрсынұлы