Шал мен ажал

Орманнан бір шал қайтты отын алып,
Бүкшеңдеп, көтере алмай, өліп-талып.
Отынын жерге қойып, біразырақ
Қисайып жатты байғұс ойға қалып:
«Мен сорлы әрі кәрі, әрі жарлы,
Асырау оңай емес үйлі жанды.
Қартайдым, жалданарға қайратым жоқ,
Бермеді тұтынарлық Құдай малды.
Бұл маған не қылғаның, Жаратқаным?!
Бір шалға үйлі жанды қаратқаның?
Төлермін салғырт ақша қайдан тауып,
Қажетім бірін сай ғып жаратпадың?
Не жаздым, құтқармастай бұл бейнеттен,
Күнің жоқ тілегімді қабыл еткен.
Біреу кеш, біреу ерте өліп жатыр,
Келмейді маған Ажал, қайда кеткен?»
Мұны естіп, Ажал шалға жетіп келді.
«Шақырдың жаңа неге, – деді, – мені?»
Ажалды көрген шақта зәресі ұшып,
Шал байғұс сасқанынан бұлай деді:
«Жарайды, бәрекелді, қош келдің сен!
Өзім аш, әрі кәрі, қуатым кем,
Отырмын отынымды көтере алмай,
Жібер деп арқалатып шақырып ем».
 
* * *
Шал болсын, жасы жетіп, жеңген қарттық,
Я жүрген жоқшылықтың зарын тартып,
Сау жер жоқ денесінде ауру да
Өлімнен тірілігін көреді артық.
Кейбіреу көтере алмай жүрсе күнін,
Кейіген сағатында тілейді өлім.
Болады надандықпен зор күнәһар,
Ісінің Құдіреттің білмей жөнін.
 
Ахмет Байтұрсынұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *